Ссылки доступа

Атырауда "Доссормұнайгаз" мердігерінің жұмысшылары жалақыны кешіктірмеуді талап етеді


Скопившиеся автомобили во время забастовки работников в Доссоре Атырауской области
Скопившиеся автомобили во время забастовки работников в Доссоре Атырауской области

Атырау облысы Мақат ауданы Доссор кентінде "BuildServiceCom" компаниясына көліктерін жалға бергендер мен көлік жүргізушілері еңбекақыларының кешігетініне наразылық білдіріп, үш күннен бері жұмысқа шықпай отыр.

"BuildServiceCom" компаниясы – "Ембімұнайгаздың" өндірістік құрылымдық бөлімшесі "Доссормұнайгаз" мұнай-газ өндіру басқармасының мердігер компаниясы.

27 маусымда басталған наразылыққа 20-дан аса адам шыққан. Көліктерін жалға беретіндер жалақыларын әр айдың 10-ы мен 15-інен кешіктірмей төлеуді талап етеді. Ал көлік жүргізушілері зейнетақы аударымдары мен түнгі ауысым жұмысына шыққаны үшін үстемақы төленбейтінін айтады.

Жұмысшылар басшылық талабымызды орындамаса наразылықты жалғастыра береміз деп отыр.

Көлік жүргізушілердің бірі Рамазан Оразбаев "Бізге жалақымызды 27 маусымда төледі. Ал көлікті жалға берушілерге әлі төленбеді. Бәрімізге жалақыны әр айдың 10-ы мен 15-інен кешіктірмей төлеуді сұраймыз. Біз жексенбі күні түнгі ауысымға шығамыз. Бұған дейін демаласыздар деген, бірақ бізге цех басшылары жалынып, директор кеңесіне апарып тастауды өтінеді. Кейін Доссорға барып ұйықтайсыңдар дейді. Бірақ олай бола ма? Ұйқың қанбай жолға шығуға болмайды ғой. Зейнетақы аударымдарын да бір жылдан бері көрмедік" дейді.

Аты-жөнін атамауды сұраған тағы бір жүргізуші әр аптада бес күн жұмыс істеп, 560 мың теңге жалақы алатынын, ал толық ай жұмыс істейтіндер 760 мың теңге табатынын айтады. Ол да компания айлықты кешіктіріп беретінін алға тартады.

Ал "BuildServiceCom" компаниясының өкілі Дамир Балтабаев көлігін жалға беретіндерге атқарылған жұмыстардың актісіне қол қойылған күннен соң 30 күн ішінде жалақысы аударылатынын айтады.

Компания өкілі зейнетақы аударымдарын кешіктіруге Қаңтар оқиғасы және ақпанда жалақының 20 пайызға көтерілгені себеп деп отыр. Балтабаев қаржылық қиындықтар туындап, зейнетақы аударымдарын алты айда бір аудару туралы шешім қабылдадық дейді. Ол жұмысшылардың осыған дейінгі зейнетақы аударымдары бүгін аударылғанын жеткізді.

Компания өкілі жұмысшыларға түнгі ауысымға жұмысқа шыққаны үшін жұмыс актісіне сай жалақы төленетінін алға тартады. Балтабаев қазір компания "міндеттерін орындамаған" жұмысшылармен келісім-шартты тоқтату жағы қарастырылып жатқанын айтады. Бұған қоса, Балтабаев жұмысшылармен кездесу үшін Доссорға жолға шыққанын да жеткізді.

"Ембімұнайгаз" компаниясының баспасөз қызметі Азаттыққа "Біз өз тарапымыздан екі ортада бекітілген келісімшартты толықтай сақтап отырмыз. Жұмысшылардың реніші мердігер мекеме мен жұмысшылары арасындағы бекітілген келісімшартқа байланысты. Біздің қатысымыз жоқ" деп жауап берді.

"BuildServiceCom" компаниясы "Ембімұнайгаз" мен "Доссормұнайгаз" мұнай-газ өндіру басқармасының жұмысшыларын кен орындарына тасымалдайды.

XS
SM
MD
LG