Ссылки доступа

Қазақстан жауынгерлері БҰҰ бітімгершілік миссиясымен Африка елдеріне барады


Қазақстан парламенті екі палатаның бірлескен отырысында Біріккен ұлттар ұйымының (БҰҰ) бітімгершілік миссиясына жауынгер жіберуді мақұлдады.

Республика президентінің ұсынысы бойынша Қазақстан қарулы күштерін БҰҰ-ның Орталық Африка, Конго және Мали республикаларындағы бітімгершілік миссияларына көбірек қатыстыру жоспарланған.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың сөзіне қарағанда, Қазақстанның бітімгершілік күштерінде шамамен 430 жауынгер болады.

Олар БҰҰ-ның Орталық Африка Республикасы, Конго, Малидегі тұрақтылық жөніндегі кешенді миссиясына қатысады. Қазақстан жауынгерлері "БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері" миссиясына да баруы мүмкін.

Қазақстанның әскери қызметкерлері штаб офицері, әскери бақылаушы, арнаулы жаяу әскер, медицина, барлау, инженер бөлімдері мен әскери полиция қатарында қызмет етеді.

Депутаттар сұрағына жауап берген қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың сөзінше, Қазақстанның бітімгершілік күштерінің жалақысы үш есе көбейеді.

Қорғаныс министрінің мәліметіне қарағанда, 2014 жылдан бері Қазақстанның 45 офицері БҰҰ-ның Батыс Сахара, Кот-д’Ивуар және Ливандағы миссиясына қатысқан. 2018 жылы Қазақстанның 520 жауынгері "БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері" құрамында болған.

Бүгінде БҰҰ-ның Батыс Сахара мен "Ливандағы уақытша күші" миссиясында Қазақстанның 15 жауынгері жүр.

XS
SM
MD
LG