Ссылки доступа

CPJ тәжік билігінен журналист Анора Саркорованы қудалауды доғаруын талап етті


Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Тәжікстан билігінен тәуелсіз журналист Анора Саркороваға қысым көрсетуді доғаруын, елдегі оқиғалардан еркін хабар таратуға кедергі келтірмеуін талап етті.

Ұйымның 29 маусымда жарияланған мәлімдемесінде билік журналист мәліметінің дереккөзін білу мақсатында Анора Саркорованың туыстарын ұстағаны айтылған. CPJ бұл әрекетті Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы оқиғалардан шынайы ақпарат таратуға жасалған кедергі деп есептейді.

Тәжікстан ІІМ арнайы жасақ өкілдері 27 маусымда таңертең Анора Саркорованың анасы мен бауырын ұстады. Бұның алдында журналист Таулы Бадахшаннан хабар таратқан. Бұл туралы журналистің өзі Озоди радиосына хабарлады. Оның айтуынша, журналистің анасы мен бауырын тергеуден соң босатқан.

Бұның алдында Саркорованың Памирдегі туыстарын да Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетке тергеуге шақыртқан. Журналист биліктің бұл әрекетін "елде адам құқықтары өрескел бұзылып жатқаны туралы ешкім айтпас үшін жасалған айла" деп бағалады.

Анора Саркорова 2018 жылға дейін Би-Би-Сидің Орыс қызметінің Тәжікстандағы тілшісі қызметін атқарды. Журналистің айтуынша, билікке оның Таулы Бадахшандағы оқиғалар туралы шынайы хабар таратқаны ұнамаған, сол себепті оған аккредитация беруден бас тартқан.

XS
SM
MD
LG