Ссылки доступа

Қырғызстанның экс-президенті Құрманбек Бакиев сотқа онлайн қатысуға дайын екенін жеткізді 


Қырғызстанда 2010 жылғы революциядан кейін Беларусьқа қашқан елдің бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев "Жаны Ордо" газетіне сұқбат берді. 

Ол Лондондағы Халықаралық сотта ұлы Максим Бакиевтің ісіне қатысты процеске онлайн қатысқанын жеткізді.

"Мен кез-келген халықаралық сотқа қатысуға дайынмын. Менің аты-жөнім тарихта және халық алдында таза болуы үшін бәріне дайынмын. Маған шындық пен ақиқат керек. Қырғызстан билігі менің қайда тұрып жатқанымды біледі. Мен Минскідегі резиденцияда тұрамын. Ешкім маған қандай да бір іс бойынша айып тақпады. Қазір барлық елдің президенттері отырыстарын онлайн өткізіп жатыр. Егер мені сотқа онлайн шақырғысы келсе, мұны істейтін еді. Мен келісер едім", - деген Бакиев.

Құрманбек Бакиев билікке 2005 жылғы наурыз революциясынан кейін келіп, 2010 жылғы сәуір революциясында қуылды. Наразылық акциясы кезінде 90 адам қаза тапты. Кейін Беларусьтен саяси баспана алды.

Құрманбек Бакиев Қырғызстанда сырттай сотталып, 30 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал оның інісі Күзет қызметінің басшысы Жаныш Бакиев өмір бойы түрме жазасына кесілген. Ұлы Марат 30 жылға сотталған. Кіші ұлы Максим Бакиев те бірнеше қылмыстық әрекеттер бойынша айыпты деп танылып, өмір бойы түрме жазасына кесілген.

2021 жылы бас прокурор Құрманқұл Зулушев Бакиевті Қырғызстанға экстрадициялауға әрекет жасағанын, бірақ Беларусь беруден бас тартқанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG