Ссылки доступа

Теңіз кенішіндегі жарылыс: Дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты


Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Теңіз кенішіндегі жарылыстан зардап шеккен үш жұмысшының жағдайы туралы мәлімет берді. 6 шілде таңертең болған жарылыстан екі адам қаза болған, үш адам ауруханаға түскен.

Басқарма өкілдері екі азаматтың қаза болғанын растады. Біреуі - оқиға орнында, екіншісі кеніш клиникасында көз жұмған.

"Зардап шеккен үшінші адам ұшақпен облыстық ауруханаға жеткізілді. Қазір дәрігерлер науқасты тексеріп жатыр. Зардап шеккен төртінші жұмысшы Жылыой аудандық ауруханасына жатқызылды. Ол жамбас буынынан жабық жарақат алған. Жағдайы орташа тұрақты. Зардап шеккен бесінші адамға "ТШО клиникасы" қызметкерлері психологиялық көмек көрсетіп жатыр" деп жазылған денсаулық сақтау басқармасы таратқан хабарламада.

"Теңізшевройл" компаниясы да кеніштегі қайғылы оқиғаға байланысты ресми хабарлама таратты. Онда 6 шілдеде құрылыс алаңында мердігер Senimdi Kurylys компаниясы мен оған мердігер компания қызметкерлерінің қатысуымен гидротест жұмыстары кезінде "қысымның түсіп кеткені" жазылған.

"Соның салдарынан екі адам қаза болып, үш адам зардап шекті. Зардап шеккен мердігер компания қызметкерлері ТШО клиникасына жедел жеткізілді. Оларға қажетті көмек көрсетіліп жатыр. ҚР заңына сәйкес, мемлекеттік органдарға оқиға жайлы хабар берілді" деп жазылған "Теңізшевройл" компаниясының хабарламасында.

Ал Атырау облысы әкімі Серік Шәпкеновтің баспасөз қызметі оқиғаға байланысты Теңіз кенішінде ТШО, төтенше жағдай департаменті мен полиция, өзге де жауапты орган өкілдерінің қатысуымен шұғыл жиналыс өткенін хабарлады.

Облыс әкімдігі қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасына қажетті материалдық көмек беретінін айтты. Апаттың себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылған.

Теңіз кеніші Құлсарыдан - 120 шақырым, Атыраудан 340 шақырым жерде орналасқан. Оны игеретін "Теңізшевройл" Қазақстанда 1993 жылдан бері істейді.

XS
SM
MD
LG