Ссылки доступа

Қаңтар оқиғасынан соң күдікке ілінген 17 жастағы жасөспірім наразылық білдіріп, денесін жарақаттады


Қаңтар оқиғасына қатысты "Қару-жарақ жымқыру" бабы бойынша күдікке ілінген 17 жастағы Қадыржан Абиза 7 шілдеде наразылық ретінде денесін жарақаттады.

Бұл туралы хабар алғаш Қаңтар оқиғасына қатысты ашылған WhatsApp топта жарияланды. Кейін бұл ақпаратты Қадыржан Абизаның өзі растады.

Мойны мен қолы жарақатталған күдікті жәдел жәрдеммен Қаскелең орталық ауруханасына жеткізілген. Ақпаратқа қарағанда, күдікті бейсенбі күні өзіне ашылған істің сотқа жіберілгенін естіген. Өзінің айтуынша, бұған дейін прокуратура өкілдерінен "дәлел болмаса, ісі қысқартылатынын" естіген. Осыған дейін WhatsApp желісінде оның ісі "қысқарғаны" жайлы ақпарат та тарағанымен ресми түрде расталмаған.

"Олар істі менсіз сотқа жіберіп тастайды. Мені шақырмайды. Қол қойғызбайды. Таныстырмайды" деді жедел жәрдем көлігінде система алып жатқанын айтқан Қадыржан Абиза Азаттық тілшісіне.

Адвокаты Жалғас Сапарханованың сөзінше, бұған дейін олар істі қысқарту туралы бірнеше рет өтініш түсіргенімен, орындалмаған. Ал "іс қысқаратыны жайлы хабар" бұрмаланған ақпарат дейді ол.

"Іс қысқарады деп ешкім айтқан жоқ. Бұл - бұрмаланған ақпарат. Бірақ бізді іспен таныстырмай, сотқа жіберіп тастап отыр. Енді бас прокуратураға сол жөнінде шағым түсіремін. Негізі бізді іспен алдын ала таныстыруы тиіс еді. Біз тергеушіге ескерткенбіз. Бұған дейін менің кестемде бос уақыт болмады. Қадыржанның заңды өкілі Тоғжан да ауруханаға түсіп қалды. Оны дәлелдейтін анықтамалары да бар. Ол кісі де міндетті түрде тергеу әрекеттеріне қатысуы керек болатын" деді адвокат Азаттық тілшісіне.

Жедел жәрдем қызметкерлері Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Қалалық прокуратура өкілдерінен жауап алу мүмкін болмады.

Адвокатының айтуынша, кәмелетке толмаған Қадыржан Абиза 8 қаңтар мен 17 ақпан аралығында Алматыдағы СИ-18 тергеу изоляторында қамауда болған кезде азаптауға ұшырап, саусағы сынғаны айтыл5ан. Ол туралы медицина қорытындысында толық баяндалған. Жасөспірім өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

30 маусымдағы дерекке сәйкес, Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған 392 қылмыстық іс сотқа түсіп, олар бойынша 445 адам сотталған. Мыңнан астам адам күдікті деп танылған. Арнаулы прокурорлар өндірісінде "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен қозғалған 58 қылмыстық іс және "Терроризм актісі" бабы бойынша қозғалған сегіз іс бар.

Осыған дейін Алматы және өзге өңірлерде Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталғандар тергеу барысына наразы болып, оқиғаны әділ тергеуді талап еткен.

XS
SM
MD
LG