Ссылки доступа

Таулы Бадахшан тұрғыны тергеуден кейін өзіне қол салған 


Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Таулы Бадахшан автоном облыстық басқармасындағы "үш сағаттық тергеуден" кейін Хорог қаласының тұрғыны өз өміріне қол салды.

Pamir Daily News басылымының мәліметінше, оқиға 8 шілдеде болған. 32 жастағы Адис Тутишоев қазір жергілікті аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Оның не себептен өзіне қол жұмсағаны белгісіз. Құқық қорғау органдары ешқандай түсініктеме бермеді. Туыстары болса, журналистермен сөйлесуден бас тартып жатыр

Ашық бұлақтарда Адис Тутишоев жайында ешқандай дерек жоқ. Ол ешбір ұйымның мүшесі болмаған.

6 шілдеде Хорог қалалық ішкі істер басқармасы Рошткали ауданының 68 жастағы тұрғыны Абдурахим Гулобовты тергеуге шақырып, ертесі оның денесі туыстарына берілгені хабарланған.

Марқұмның туыстары оны қару сақтады деген күдікпен тергеуге алынғанын, бірақ үйінде ешқандай қару-жарақ болмағанын айтады.

Таулы Бадахшан автоном облысының Рошткали ауданы мен Хорог қаласының бірқатар тұрғындары "антитеррористік операция" аяқталғаны хабарланғанымен, аймақ тұрғындарын қуғындау жалғасып жатқанын білдіреді.

Таулы Бадахшанда биыл мамыр айында жаппай бас көтерулер болып, билік аймақта "антитеррористік операция" бастағанын хабарлаған. Ресми мәліметке сәйкес, 16 адам қаза болып, 200-ден астам адам ұсталған. Жергілікті тұрғындар қайтыс болғандар саны одан да көп дейді.

XS
SM
MD
LG