Ссылки доступа

Қырғызстанда "Ихсан" тұрғын үй кооперативінің жетекшісі ұсталды


Бішкекте 11 шілдеде "Ихсан Групп ЛТД" коммерциялық емес тұрғын үй кооперативі директорлар кеңесінің төрағасы ұсталды.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі ұсталған азаматты Б.А. деп белгіледі. Компания жетекшісін Акинай Бекмұрзаева деп таныстыратыны мәлім.

Министрлік мәліметінше, тергеу қызметі "алаяқтық" және "сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу немесе иемдену" баптары негізінде қылмыстық іс қозғаған. Күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр.

"Наурыздың басынан бері Қырғызстанның түрлі аймақтарынан "Ихсан Групп ЛТД" кооперативіне кірген азаматтардан арыз көптеп түсіп жатыр. Олар алынатын мүліктің жарнасын төлеген. Бірақ кооператив мүшелері баспана да, автокөлік те алмаған", - деп хабарлады ІІМ.

Тергеу нұсқасы бойынша, "Ихсан Групп ЛТД" жетекшілері жәбірленушілерге 121 млн 313 мың 950 сомды қайтармаған.

Қырғызстан ішкі істер министрлігі азаматтарға осы кооперативке кірмеуге кеңес берді. Өйткені "мұнда қаржы пирамидасының нышандары бар, салынған ақша қайтарылмауы мүмкін".

Еске салайық, сәуірдің басында "Ихсан" мүшелері ұйымның Бішкектегі кеңсесінің алдына жиналып, баспанасын белгіленген мерзімде ала алмағанына наразылық білдірді.

XS
SM
MD
LG