Ссылки доступа

Тараздағы "Қазфосфат" зауытында зиянды заттар ауаға тарады. Билік тұрғындарға "қауіп жоқ" деп мәлімдеді


Тараз қаласында тыңайтқыш өндіретін "Қазфосфат" компаниясында апат болды. Қазақстан экология министрлігінің хабарлауынша, оқиға 11 шілдеде сағат 20:30-да тіркелген.

"Фторлы сутек деңгейі 2–3 есе көбейді, аммиак, көмірсутек, көмірқышқыл газы анықталмады", - делінген хабарламада.

Министрлік мәліметінше, Тараз прокуратурасы мен экология департаментінің қызметкерлері тез арада ауаға тараған зиянды заттар мөлшерін анықтауға аттанды.

"Топ қала шетіндегі Шайқұрыққа барды, өйткені жел осы бағытқа қарай соғып тұр. Шайқұрықта зиянды заттардың мөлшерден тыс екені анықталмады. Топ жағдайды бақылауда ұстап отыр, мәліметтер тағы хабарланады", - делінген экология министрлігі таратқан ақпаратта.

Жамбыл облысының әкімдігі "тұрғындар денсаулығына қауіп жоқ, түтін сейілді" деп мәлімдеді.

11 шілдеде кешке Тараз тұрғындары әлеуметтік желілерде қаланы ащы түтін басқанын хабарлаған. Олар түтіннен шашалғаны, көзден жас аққаны туралы да жазды.

"Қазфосфат" – Тараз қаласындағы тыңайтқыш өндіретін зауыт. 7 маусымда мұнда бір жұмысшы көз жұмды. 2 шілдеде зауытта тағы бір апат болып, екі жұмысшы қаза болғаны хабарланды.

XS
SM
MD
LG