Ссылки доступа

"Ресейге жалған құжатпен өтпек болды". Антикор Мәсімовтің бауыры ұсталғанын хабарлады


Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы, ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімовтің туысқан бауыры Нұрлан Мәсімов Ресеймен шекарада ұсталғаны хабарланды. 

Бұл туралы 13 шілдеде жемқорлыққа қарсы (антикор) агенттік ақпарат таратты.

"13 шілдеде жемқорлыққа қарсы агенттік пен шекара қызметімен бірігіп, ШҚО аумағынан Ресей шекарасын жалған құжатпен өтпек болған Нұрлан Мәсімов Мырзаханұлы ұсталды" деді агенттік хабарламасында.

Қаңтарда полиция департаменті басшысы қызметінен кеткен Нұрлан Мәсімовке сәуірде іздеу жарияланған. Ол "ірі көлемде пара алды" деген күдікке ілінген және антикор Нұрлан Мәсімовтің қайда екенін айтқан адамға 12 млн теңге сыйақы тағайындаған.

Нұрлан Мәсімовтің туысқан ағасы Кәрім Мәсімов Қаңтар қырғынан кейін ҰҚК төрағасы қызметінен алынып, кейін "мемлекетке сатқындық жасау", "мемлекеттік төңкеріске талпыныс жасау", "жемқорлық" баптарымен күдікке ілінген. Наурызда ҰҚК осы баптар бабы бойынша 15 іс тергеліп жатқанын мәлімдеген.

Кәрім Мәсімов ұзақ уақыт елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын серігі болған. Оның үстінен қозғалған қылмыстық іс "өте құпия" грифасымен тергеліп жатыр.

Экс-президент Назарбаев "Назарбаев қорының" активтерін Мәсімов басқарды деген еді. Бұған дейін Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Назарбаев өзінің атындағы қорлар арқылы құны 7,8 млрд доллар болатын ірі активтерді бақылап отырғанын анықтаған.

Сарапшылар кемі 238 адам қаза болған Қаңтар оқиғасынан соң Назарбаевтың билікке ықпалы әлсірегенін айтады.

XS
SM
MD
LG