Ссылки доступа

Бішкекте ұсталған дөкей Шыңғыс Жұмағұлов 7 қыркүйекке дейін қамауда болады


Қырғызстан астанасында ұсталған қылмыс әлемінің дөкейі Шыңғыс Жұмағұлов 7 қыркүйекке дейін №21 колонияда отырады.

Бішкек қаласы 1-май аудандық соты 15 шілдеде осындай шешім шығарды. Еске салайық, сол күні Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті Жұмағұловтың ұсталғанын хабарлаған.

Арнайы қызмет Доо Шыңғыс лақап атымен танымал күдіктіден зардап шеккендерді ҰҚМК органдарына шағымдануға шақырды.

Еске салайық, 8 шілдеде Бішкек қаласының шетінде атыс болды. Оған Доо Шыңғыстың да қатысқаны мәлім болды. Жергілікті басылымдар Жұмағұлов қашып кетті деп хабарлады. Мәліметтерге қарағанда, "Альфа" арнайы жасағы оны Шу облысындағы туған ауылы Ичке-Сууда ұстауға талпынған.

Алайда ертесіне ҰҚМК Жұмағұлов пен оның ұйымдасқан тобымен атыс болған, дөкей ұсталған деген ақпаратты жоққа шығарды.

2016 жылы Шыңғыс Жұмағұлов кісі өлтіруге қатысты, билік өкіліне күш көрсетті, қылмыстық ұйым құрды деген күдікпен ұсталған. 2018 жылдың басында ол сот шешімімен мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.

2019 жылғы сәуірде Шыңғыс Жұмағұлов пен оның екі сыбайласы екі жігітті аясуыз соққыға жықты деген айыппен ұсталды. Екі жәбірленуші де кейін соққы салдарынан көз жұмды. Сол кезде ұсталғандар да, жәбірленушілер де ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері екені хабарланды.

2020 жылғы маусымда Бішкек қаласының 1-май аудандық соты осы іске қатысты үкім шығарды. Сот Шыңғыс Жұмағұловты "бұзақылық" бабы негізінде айыпты деп танып, оны бес жылға соттады. 2021 жылғы 12 шілдеде ол жаза мерзімінің аяқталуына байланысты колониядан босап шықты.

XS
SM
MD
LG