Ссылки доступа

Таулы Бадахшан: тәжік офицері Холбаш Холбашовтың ісі Жоғарғы сотқа жолданды (видео)


Холбаш Холбашов
Холбаш Холбашов

Шекара қызметінің генералы Холбаш Холбашовтың ісі бойынша тергеу аяқталып, материалдар Жоғарғы сотқа жолданды.

Тәжікстан Бас прокуратурасы өкілдерінің 15 шілдедегі баспасөз конференциясында хабарлағандай, Холбашов ісі аясында Рушан ауданының тағы 77 тұрғыны жауапқа тартылған.

Бас прокуратура қызметкері Мансұр Ганизоданың хабарлауынша, Холбаш Холбашовқа қылмыстық қауымдастық ұйымдастыру, кісі өлтіру, кісі өлтіру мақсатында шабуылдау, терроризм және басқа да қылмыстарды қарастыратын баптар бойынша айып тағылған.

Тәжік шекара қызметінің жоғары лауазымға ие офицері Холбаш Холбашов Таулы Бадахшанда мамырдағы оқиғалардан соң ұсталды. Билік оны Рушан ауданындағы "ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшілерінің бірі" деп атады. Холбашов пен оның адвокатының айыптауларға қатысты ұстанымы белгісіз. Туыстарының айтуынша, ол ұсталғанға дейін шекара әскерінде қызмет еткен. Холбашевтің бұрынғы әйелі, азаматтық белсенді Ульфатхоним Мамадшоева да Хорог пен Рушандағы тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген күдікпен ұсталды.

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, Мамадшоеваның ісі әлі тергеліп жатыр.

Ульфатхоним Мамадшоеваны 18 мамырда Душанбеде ҰҚМК мен Бас прокуратура қызметкерлері ұстады. Озоди радиосы дереккөзінің мәліметінше, оған "конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге үндеді" деген айып тағылған. Бұның алдында белсенді Хорог пен Рушандағы наразылықтарға қатысы жоғын мәлімдеген.

Хорог қаласы мен Рушан ауданында мамыр айында болған наразылық акциялардан соң Таулы Бадахшан автономиялы облысының ондаған азаматтық белсендісі ұсталды. Билік бұл аймақта "терроризммен күрес операциясын" жариялады. Ресми мәлімет бойынша, арнайы операция барысында 16 адам өлтірілді. Жергілікті тұрғындар қаза болғандар саны ресми мәліметтегіден әлдеқайда көп деп отыр.

XS
SM
MD
LG