Ссылки доступа

Өзбекстанда қолма-қол ақша тапшы


Өзбекстандықтар қолма-қол ақша мен шетел валютасы тапшы екеніне шағымданды.

Әлеуметтік желілерде жарияланған суреттер мен видеолардан өзбекстандықтар қолма-қол ақша шешу үшін банкоматтарда кезекте тұрғанын көруге болады. Тұрғындардың айтуынша, банкоматтарға бірнеше күннен бері ақша салынбаған.

Апта басында жарияланған видеолардың бірінде "Халк банктің" Қашқадария облысы Яккабаг аудындағы филиалының қызметкері банкке келушілердің карта нөмірлерін жазып алып, сосын оларға 500 мың сумнан таратып жүр. Одан көбірек ақша сұрағандарға банк қызметкері басшылық қолма-қол ақша беруге шектеу енгізгенін айтқан.

Қашқадария облысы Қасан ауданындағы бір кәсіпкер банкоматтан ақша шешу қиындағанын жасырмады.

– Біздің ауданда осындай қиыншылық басталғанына екі-үш ай болды. Банкоматтарда үнемі ақша болмай қалады. Кәрімов басқарған кезеңге қайта оралып жатырмыз, - дейді ол.

Елде қолма-қол ақша тапшылығы туындаған уақытта Өзбекстан Орталық банкі биыл қаңтар-маусым айларында шетелден елге ақша аударымы артқанын мәлімдеді. ОБ мәліметінше, жарты жылда шетелден 6,5 млрд доллар аударылған. Бұл - былтыр осы уақытта тіркелген көрсеткіштен екі есе көп.

XS
SM
MD
LG