Ссылки доступа

Алишер Усманов өзіне қатысты Еуро одақ санкциясын жоюға тырысып жатыр 


Ресейдің төрт олигархы — Алишер Усманов, Роман Абрамович, Михаил Фридман және Петр Авен Еуропалық одаққа шағымданып, өздеріне салынған санкцияны алып тастауға өтініш берді. 

Wall Street Journal газетінің жазуынша, олигархтар Еуропалық сотқа жеке-жеке өтініш түсірген.

Басылымның жазуынша, Алишер Усманов пен оның қарындасы Гульбахор Исмаилова санкцияны алып тастауды талап етуімен қоса, Еуропалық одақтан сот шығыны үшін 20 мың доллар талап етіп отыр.

Усманов санкция салдарынан бірнеше коммерциялық келісім-шарттар бұзылғанын, салдарынан үш бірдей компаниясы банкрот алдында тұрғанын айтқан. Өткен айда сот Усмановтың өтінішін қанағаттандырмаған.

Ұлыбритания СІМ мәліметінше, наурыз айында Алишер Усманов "қара тізімге" ілінгеннен кейін, бірнеше активтерін, оның ішінде "Дилбар" яхтасын қарындасы Гульбахор Исмаилованың атына аударған.

Исмаилованың Ұлыбританиядағы барлық активтері құлыпталып, оған елге кіруге тыйым салынған. Гульбахор Исмаиловаға Ташкенттегі Федорович атындағы демалыс орнының 82,1 процент акция пакеті тиесілі.

8 сәуірде Еуропа одағы Алишер Усмановтың тағы бір қарындасы Саодат Нарзиеваның барлық активтерін бұғаттады. Коррупцияны және ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) мәліметінше, Нарзиева Швейцария банктеріндегі 27 есеп-шоттың бенефициары. Онда жалпы құны 2 млрд доллар қаражат сақтаулы.

Алишер Усманов Путинге жақын олигархтардың бірі саналады.

XS
SM
MD
LG