Ссылки доступа

Тәжікстанда биыл тамыр-таныспен жұмысқа тұруға қатысты 37 дерек анықталды


Жарты жылда тамыр-таныс арқылы жұмысқа қабылдауға қатысты 37 дерек анықталды, деп хабарлады Тәжікстан қаржы полициясы.

Жемқорлықпен күрес және қаржыны бақылау жөніндегі мемлекеттік агенттік директоры Сүлаймон Сұлтонзоданың айтуынша, тамыр-таныстық Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінде көбірек тіркелген. Агенттік директоры 18 шілдедегі баспасөз конференциясында тамыр-таныстыққа қатысы бар шенеуніктердің аты-жөнін атамады.

"Кейбір мектептердің директорлары жұмысқа балаларын ғана емес, келіндері мен күйеу балаларын да орналастырған", - дейді агенттіктің жауапты қызметкері Нигора Мукими. Оның айтуынша, Тәжікстанның күш құрылымдарында тамыр-танысқа қарай жұмысқа алу дерекгі анықталмаған.

Халықаралық ұйымдар Тәжікстандағы непотизм мен биліктің бір қолға шоғырлануын үнемі сынайды.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның көптеген жақын туысы жоғары заң шығарушы және атқарушы биліктегі маңызды қызметтерде отыр. Мемлекет басшысының үлкен ұлы Рустами Эмомали парламенттің жоғары палатасының төрағасы және Душанбе мэрі қызметтерін қатар атқарады. Президент қызы Озода Рахмон мемлекет басшысы атқарушы аппаратына жетекшілік етсе, тағы бір қызы Рухшона Эмомали Тәжікстанның Ұлыбританиядағы елшісі қызметінде. Тәжікстан басшысының күйеу баласы Ашрафжон Гулов Тәжікстанның Түркиядағы елшісі болып тағайындалған.

Тәжікстан басшысы мен оның жақындары жоғары биліктегі непотизмді ешқашан сынаған емес.

XS
SM
MD
LG