Ссылки доступа

Қырғыз экология министрі: Құмтөрге қатысты сот процесі жабылған жоқ 


Құмтөр кенішін өндіргенде экологияға келтірген зиян мәселесіне қатысты сот процесі әлі жалғасып жатыр. 

Осылай деп Қырғызстанның табиғи ресурстар, экология және техникалық бақылау министрі Динара Кутманова мәлімдеді.

"Заң бұзушылықты үш бірдей комиссия анықтады. Бұл дәйек, одан ешкім бас тартқан жоқ. Сот процесі әлі жалғасып жатыр. Нүкте қойылған жоқ",- деді министр.

Осының алдында министр Құмтөрге қатысты келіссөз бейбіт түрде аяқталғанына қарамастан, "Центерра" компаниясы экологияға тигізген зияны үшін айыппұл төлеуі тиіс деген.

2021 жылы азаматтық белсенділер "Кумтор Голд Компаниді" сотқа берген. Сот олардың шағымын қанағаттандырып, "Кумтор Голд Компани" экологияға келтірген шығыны үшін 261 млрд 719 млн 674 мың сом төлеуі тиіс деген шешім шығарған.

Бұдан бөлек компания 1 млрд 300 млн сом салық төлеуі тиіс.

2021 жылдың мамыр айында Қырғызстан үкіметі Құмтөр кенішін өз бақылауына алды. Қырғызстан билігі бұдан былай кенішті өзіміз игеріп, алтынды өзіміз шығарамыз деп мәлімдеді.

Осыған дейін Құмтөр кенішіне канадалық Centerra Gold Inc. компаниясы иелік еткен. Компания Қырғызстан үкіметін халықаралық сотқа берген.

Биыл көктемде канадалық компания мен Қырғызстан үкіметі Құмтөрге қатысты келісімге келген. Оған сәйкес, компания барлық акция пакетін Қырғызстанға береді. Ал қырғыз үкіметі барлық сот шағымдарын кері қайтарып алуы тиіс.

Қырғыз билігі Құмтөр кенішінен былтыр көктемнен бері 323 млн доллар пайда таптық деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG