Ссылки доступа

Қытай БҰҰ-ға Шыңжаңдағы жағдай бойынша есебін жариялауға кедергі келтіруге тырысады


Қытай БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы уәкілі Мишель Бачелеттен Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуы жайлы есебін жарияламауды өтінді. Бұл жөнінде Қытай билігінің хатында айтылады. Хатпен Reuters агенттігі өкілдері танысқан.

Құқық қорғау ұйымдары Пекинді Шыңжаңдағы байырғы ұлт өкілдері: ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандардың құқықтарын бұзды деп айыптайды. Олардың айтуынша, Қытай билігі мұсылмандарды негізсіз ұстап, "қайта тәрбиелеу лагерьлеріне" қамаған. Пекин айыптауларды жоққа шығарады.

Сарапшылар тобы Қытайдағы ұйғырлардың жағдайын үш жыл зерттеп, есеп әзірлеген. Бачелет оны 2022 жылдың тамыз соңына дейін яғни, қызметінен кеткенге дейін жариялауға уәде еткен.

Қытай дипломаттары хатта жуырда жарық көрінеді деп айтылатын Шыңжаңдағы жағдай туралы есепке "алаңдаушылық білдірген".

"Жоғарғы комиссарды мұндай бағалауды жарияламауға үндейміз" деп жазылған құжатта.

Қытай аталған хатты өзге елдің дипломаттарына жіберіп, олардан қол қоюды сұраған. Үш дипломат осындай хат түскенін растады. Қытайдың БҰҰ-дағы өкілі хатқа байланысты сұрақтарға жауап бермеді. Алайда оның сөзіне қарағанда, жуырда жүзге жуық мемлекет Қытайды қолдап, "адам құқығы деген желеумен Қытайдың ішкі ісіне араласуына қарсы шыққан". Олар бұл "позициясын" "ортақ хат" арқылы да білдірген.

Екі дипломаттың сөзіне қарағанда, кейде мемлекеттерге Пекинмен экономикалық тығыз қарым-қатынастың салдарынан оның өтінішін жерге тастау қиынға соғады. Reuters агенттігі хатқа қанша мемлекеттің қол қойғанын анықтай алмаған.

Аталған хатты Мишель Бачелеттің алғаны-алмағаны белгісіз. Жоғарғы комиссар 2022 жылы мамыр айында Шыңжаңға барған. Сапарының қорытындысына арналған баспасөз жиынында ол Қытайдағы адам құқығының бұзылып жатқанын мойындаудан жалтарған. Кейін Бачелет Шыңжаңда болғанда ұйғыр тұтқындар және туыстарымен кездесе алмағанын мәлімдеді.

Қытай сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бачелет сапары кезінде "нағыз қауіпсіз әрі тұрақты қоғамы бар Шыңжаңға куә болды" деп мәлімдеді.

  • БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаң өлкесінде 2017 жылдан бері лагерьлер ашып, бір миллион ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамаған. Оларға Қытай заңдары мен коммунистік партияны дәріптейтін өлеңдерді күшпен жаттатқызған, қытай тілін үйреткен. Кейін зерттеушілер Пекин Шыңжаңдағы халықтың санын азайту үшін әйелдерді стерилизациялап, түсік жасатқанын мәлімдеген. Лагерьден шыққан әйелдер сақшылар зорлағанын, ал еркектер қамауда азапталғанын айтқан.
  • Қытай лагерьлерді "кәсіпке баулу орталығы" дейді, ал Шыңжаңдағы саясатын "экстремизммен күрес" деп атайды. Пекин Шыңжаңға Батыс елдері мен БҰҰ өкілдерін кіргізуден бас тартты. Қытай мемлекеттік медиасы Шыңжаңдағы "бақытты өмірді" көрсетуге тырысады.
XS
SM
MD
LG