Ссылки доступа

Ыстықкөлде Назарбаевқа орнатылған ескерткішті алып тастаған


Қырғызстанның Ыстықкөл демалыс аймағында тұрғызылған Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған ескерткіш алынып тасталған. Бұл жөнінде KaktusMedia сайты хабарлады.

Қазір экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған ескерткіш "Рух Ордо" мәдени орталығында жоқ, видеолар мен фотоларға қарағанда оны бір жыл бұрын алып тастаған сияқты деп сайт дәлел ретінде бірнеше видео мен суретті көрсетеді.

"Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіші Ыстықкөлдегі "Рух Ордодан" алынып тасталды. Ескерткіш көлге жақын – арықтардың оң жағында орналасқан болатын. Ол 2005 жылы [Назарбаевқа] 65 жыл толуына орай тұрғызылған. "Рух-Ордоның" жаңа суреттерінде ескерткіш көрінбейді. Ескерткішті бір жылдан астам уақыт бұрын алып тастаған сияқты, себебі ол жақта былтыр демалғандардың видеосында ескерткіш жоқ" деп жазды сайт бейсенбі күні.

Қырғызстан президент әкімшілігі ақпаратқа түсініктеме бермеген. Осы аптада Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуі осы Ыстықкөл жағалауындағы Шолпан-Ата қаласында өткен. Бір күн бұрын осы қалада қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің үй-мұражайы алдында оның бюсті ашылды.

Ыстықкөлге Назарбаев ескерткіші 2005 жылы орнатылған. Сол уақытта Қырғызстан билігі Назарбаевқа орнатылған ескерткіштің, қырғыздардың қазақтарға деген махаббатының көрінісі болып табылатындығын мәлімдеген.

Белсенділер мен сарапшылар Назарбаев тұсында Қазақстанда жеке басқа табыну белең алды деп санайды. Ол президент болып тұрған тұста елде оған ескерткіштер орнатылып, әуежай, ірі қалалардың орталық көшелері, университет пен мектептер желісі Назарбаевтың атымен аталды. Бұған қоса, Қазақстанның бірнеше қаласында экс-президент атындағы саябақ, спорт кешені және музейлер бар.

Қаңтар оқиғасынан соң Назарбаевтың билікке ықпалы әлсіреген. Қаңтар қырғыны кезінде Талдықорғанда оның ескерткіші құлатылды. Нұр-Сұлтан қаласын Астана деп қайта атау туралы петиция жазылды. Назарбаев пен оның отбасы бұрынғы құдыретінен біртіндеп айырыла бастады, туған-туысы лауазымды қызметтерінен түсті, кейбірі тұтқындалды.

Назарбаев билік құрған 29 жылда оның қыздары мен айналасындағы жақындары елдегі ең бай адамға айналды. Оның қыздары мен күйеубалалары, жақындарының шетелдегі үйлері мен офшордағы есепшоттары бары анықталған.

XS
SM
MD
LG