Ссылки доступа

Украина президенті Тоқаевқа ДХР мен ЛХР-ді мойындамағаны үшін алғыс айтты


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев украин әріптесі Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті.

Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев "БҰҰ-ның көмек көрсетуімен Украина астығын экспорттау жөніндегі Түркияда қол жеткізілген үшжақты келісімге оң баға берген".

Ресей басқыншылығы жалғасып жатқан тұста украин астығы мен өзге де ауыл шаруашылық өнімдерін Қара теңіздегі украиналық порттар арқылы тасымалдау туралы келісімге 22 шілдеде Стамбулда қол қойылған.

Украина мен Ресей өкілдері келісімнің орындалуына кепіл БҰҰ мен Түркия өкілдерімен жеке келісім жасасқан.

Владимир Зеленский 23 шілдеде Twitter'де Тоқаевқа Украинаның территориялық тұтастығы мен "Луганск халық республикасы" және "Донецк халық респубикаларын" мойындамағаны үшін алғыс айтқанын жазды.

Қазақстан басшылығы Украина шығысындағы Ресей дем берген сепаратистік құрылымдардың тәуелсіздігін мойындамайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Өткен айда Санкт-Петербургте өткен форум барысында Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің көзінше осы тезисті қайталап, ДХР мен ЛХР-ді "квазимемлекеттік территория" деп атаған.

Бұл Ресейде Қазақстанға қарсы кезекті мәлімдемелер толқынына ұласып, соның салдарынан Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысы шектелген. Осы құбыр арқылы Қазақстан мұнайының басым бөлігі батыс нарығына шығарылады.

Ақорданың сенбі күнгі хабарламасында Зеленскийдің Тоқаевқа алғыс айтқаны жазылмаған.

Ресей Украинаға басып кіргелі Тоқаев Зеленскиймен екінші рет сөйлесіп отыр. Путин соғыстың мақсаты - "денацификация" және "демилитаризация" деп атаған, алайда нақты нені меңзегенін айтпады. Соғыс басталмай тұрып Мәскеу "Луганск халық республикасы" мен "Донецк халық республикасының" тәуелсіздігін мойындаған. 2014 жылы Мәскеу Қырымды аннексиялап алғаннан кейін Украина шығысындағы Ресей қолдауына ие сепаратистер аталған республикаларды өз бетімен жариялаған.

24 ақпаннан бері Ресей әскері Украина оңтүстігіндегі Херсон және Запорожье облыстарының басым бөлігін, сонымен бірге Луганск пен Донецк облыстарының тұтас-дерлік бөлігін басып алды. Ресей күштері сонымен қатар Харьков облысының шығысы мен Николаев облысының оңтүстігін бақылауда ұстап отыр. Батыс елдері Мәскеудің әрекетін қатаң айыптап, Ресейге басқыншылығы үшін қатаң санкция салған. Қазақстан соғысты айыптаған жоқ, бірақ одақтасы Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектеспейді деп мәлімдеді.

Наурыз айында Тоқаев пен Зеленскийдің алғашқы телефон әңгімесінен кейін Қазақстан Украинаға гуманитарлық жүк жіберген. Тоқаев "Украинадағы жағдайды дипломатиялық жолдармен реттеу" маңыздылығын айтып келеді.

Осы аптада Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында Зеленский Ресей Украина жерін қайтармай онымен бейбіт келісімге бармайтынын айтты.

XS
SM
MD
LG