Ссылки доступа

Өзбек үкіметі азаматтарға Ресейде жұмыс таңдау кезінде сақ болуға кеңес берді


Өзбекстан сыртқы миграция жөніндегі агенттігі өзбек еңбек мигранттарына Ресейде жұмыс таңдаған уақытта сақ болуға кеңес берді.

"Бірқатар жаңалық арналары Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтарын жалақысы жоғары жұмысқа Ресейге шақырған. Мұндай жарнамалардың басты мақсаты - азаматтарды Ресей мен Украина арасындағы жанжал аумағына тарту. Сол себепті отандастарымыздан шетелге жұмысқа шақыратын ресми емес жарнамаларға сенбеуін сұраймыз", - делінген агенттік хабарламасында.

Бұған қоса, агенттік шетел аумағында қарулы жанжалдарға немесе әскери әрекеттерге материалдық табыс үшін жалданғандар қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертті.

Бұның алдында MediaHub журналистік зерттеу орталығы өзбек және қырғыз азаматтарын Ресейдің "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясына тартып жатқаны туралы материал жариялады. Зерттеу авторларының мәліметінше, Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтарына Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін 240 мың рубль айлық ұсынған.

"Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының жалдамалы жауынгерлері 2014 жылы Донбасста қарулы жікшілдер жағында әскери қимылдарға қатысқан. Әскери компанияның Ресей президенті Владимир Путиннің "аспазы", ресейлік кәсіпкер Евгений Пригожинге тікелей қатысы бар делінеді.

Кейінгі жылдары "Вагнер" жалдамалы жауынгерлері Сирия, Ливия, Орталық Африка Республикасы, Мозамбик және Судандағы әскери қимылдарға қатысқан. 2021 жылғы желтоқсанда Еуроодақ "Вагнерге" қарсы санкция жариялады.

XS
SM
MD
LG