Ссылки доступа

Ресейде суррогат ана болған Қазақстан азаматы үш жылға сотталды


Ресейдің Красноярск қаласында сот суррогат ана болған Қазақстан азаматы Тамара Яндиеваны үш жылға еркінен айырды. Ол адам саудасына қатысты айыпты деп танылды. Яндиева мен  адвокаты соттың бұл шешіміне қарсы шағымданатынын жеткізді.

Бұл Ресейде суррогат ана болғаны үшін сотталған алғашқы жағдай. Ресейде суррогат болуға ешқандай тыйым жоқ.

Ақпаратқа қарағанда, Яндиева 2019 жылы агенттіктердің бірімен суррогат ана болу үшін келісімге келіп, шетелдік жұбайлардың біріне бала туып берген. Нәресте жарық дүниеге келгеннен кейін, ата-анасына беруі керек болған, бірақ коронавирус пандемиясы басталып, бала суррогат ананың қолында қалып қойған.

2021 жылы агенттікке қарсы "Адам сату" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Ресейде суррогат ана Отбасы кодексі және "Азаматтардың денсаулығын қорғау негіздері туралы" заңмен бақыланады. Оған сәйкес, балалы бола алмаған жұптар суррогат анамен келісімге келіп, ата-ана бола алады.

2020 жылы Ресейдің Тергеу комитеті мәскеулік репродуктолог-дәрігерлердің біразын адам саудасымен айыптаған.

Олар коронавирусқа байланысты суррогаттық жолмен дүниеге келген 11 баланы шетелдегі ата-анасына өз уақытында жібере алмай қалған. Нәрестелер балалар үйіне берілген. Балалардың құжаттарын әзірлеп, ата-аналарымен жұмыс істеген аудармашы Кирилл Анисимов 2021 жылы алты жылға бас бостандығынан айырылған.

Қалған айыпталушылардың ісі қаралып жатыр.

XS
SM
MD
LG