Ссылки доступа

Өзбекстанда қашан өтетіні белгісіз референдумға дайындық жүріп жатыр


Өзбекстанда Конституцияға өзгерту енгізу жөніндегі референдум өтетін күн ресми түрде әлі жарияланған жоқ, бірақ елдің барлық аймағында махаллалар мен кәсіпорындар саяси науқанға қызу дайындалып жатыр.

Ташкенттегі махаллалардың біріндегі белсендінің айтуынша, астанада махалла төрағалары мен қызметкерлерін "халық референдумға келмеген жағдайда не істеу керектігін үйреткен".

– Жоғарыдан бұйрық түспесе де, референдумға дайындық басталып кетті. Махалла төрағаларын бірнеше апта бойы оқытты. Астанадағы махаллалардағы әйелдерді халықпен жұмыс істеуге үйретті. Олар халық референдумға келмей қалған жағдайда не істеу керектігін біледі. Емханалардағы дәрігерлерді де оқытып жатыр. Жақында 63-емханаға қаралуға бардым, дәрігерлердің бәрі оқуға кетіп қалыпты. Қазіргі басты мақсат - референдум өткізу, ал оған сайлаушылардың елу пайыздан астамы қатысуы керек. Референдум өтетін күн әлі жарияланған жоқ, ал қаржы министрлігі оны өткізуге қажетті қаражатты бөліп қойды, - дейді махалла белсендісі.

Дереккөздер мәліметінше, Навои тау-кен комбинатында да референдумға дайындық жүріп жатыр. Өзбекстандағы ең ірі жеті кәсіпорынның бірінде 46 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Өзбекстан Конституциясына өзгеріс енгізу жөніндегі жалпыхалықтық референдум өтетін күн әлі жарияланған жоқ.

15 шілдеде парламенттің төменгі палатасы Конституцияға өзгеріс енгізу туралы заң жобасын талқылауды 1 тамызға дейін ұзарту жөнінде шешім қабылдады.

– Естуімше, референдумды қараша айынан кешіктірмей өткізгісі келеді, одан әрі созғысы жоқ. Жағдай Қарақалпақстандағы оқиғаға байланысты сәл қиындады. Менде комиссиялар тізімі бар. Референдум өтетін күн белгісіз, бірақ тізім дайын тұр, – дейді махалла белсендісі.

Өзбекстан Конституциясы 1992 жылғы 8 желтоқсанда қабылданды. Содан бері ата заңға 16 мәрте өзгеріс енгізілді.

XS
SM
MD
LG