Ссылки доступа

Жаркент маңында ер адам 15 жасар қызды "зорлап өлтіргеннен" кейін ауылда қауіпсіздік шарасы күшейтілді


Жетісу облысы Жаркент маңындағы Шолақай ауылында 15 жасар қызды жергілікті тұрғын "зорлап өлтіргеннен кейін" ауылға арнайы жасақ тартылып, қауіпсіздік шарасы күшейтілді. Кей ақпаратқа қарағанда, интернет те өшірілген.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, жергілікті билік күдіктіні халық өз бетінше жазалайды дегеннен қорқып, ауылға полиция мен Ұлан жасағын әкелген. Күдіктінің ұйғыр, жәбірленушінің қазақ екені айтылады.

Ақпаратқа қарағанда, 15 жастағы мектеп оқушысы 21 шілдеде құрбысына кетіп, үйіне оралмаған. Шамамен бір апта өткен соң қыздың денесі ауыл маңынан табылған.

Күдікті ретінде 38 жастағы Шолақай тұрғыны Рустам Ахметов ұсталған. "Время" басылымының жазуынша, "қыздың телефонына күдіктінің хабарласқаны туралы дәлел көрсеткеннен кейін" Ахметов "кінәсін мойындаған". Ол "қылмысты жасыру үшін қызды пышақтағанын, өлтіргеннен кейін денесін өртегенін" айтқан.

"Күдікті көмген жерді көрсетті. Ол жәбірленушіні ауыл маңына көмген. Қыздың денесі сот-медицина сараптамасына жіберілді" деп жазды басылым.

"Адам өлтіру" және "Кәмелетке толмаған баланы зорлау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жәбірленушінің туыстарының бірі Азаттыққа жәбірленушінің жаназасы 30 шілдеде өткенін айтты. Жаназаға аудан, ауыл әкімі, полиция өкілдері келген. Жиылған жұрт биліктен "күдіктіні отбасымен бірге ауылдан көшіруді" талап еткен.

"Билік 2 тамызға дейін мұрсат беруді сұрады. Сол кезде дейін шешім қабылданады" деді аты-жөнін атағысы келмеген жәбірленушінің туысы.

Оның сөзіне қарағанда, жәбірленуші отбасының үйінде бес бала бар. 15 жасар қыз ортаншысы болған. Билік жәбірленушінің анасының денсаулығына қарайласуға және отбасына көмектесуге уәде берген.

Жәбірленушінің туысының айтуынша, қазір Шолақай ғана емес, ұйғылар жиі қоныстанған өзге елді мекендерде де қауіпсіздік шарасы күшейтілген.

Панфилов аудандық полициясы өкілдері 31 шілдеде Азаттыққа ауылда жағдай тұрақты екенін айтты.

"Онда 80 шақты полиция қызметкері жүр. Кеше интернет өшірілген. Бүгін қалпына келді. Ешқандай төбелес болған жоқ" деді өзін Құрманалиев деп таныстырған полиция өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, күдікті Талдықорғандағы тергеу изоляторына қамалған.

Ақпаратқа қарағанда, күдікті бұрын кәмелетке толмаған қызды зорлағаны үшін сотталып, артынша мерзімінен босап шыққан.

Былтыр Панфилов ауданының қазақтар мен ұйғырлар тұратын Пенжім ауылында оқушылар төбелесіп, кейін соңы ауыл тұрғындары арасындағы "жанжалға" ұласқан. Жанжал кезінде бір топ адам бірнеше үй мен көліктердің терезесін сындырған. Үйлер де өртенген. Оқиғадан кейін бір апта өткен соң пікірін айтқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев жанжал мен одан кейін туындаған тәртіпсіздікті "мектептегі кәдімгі төбелес" деп атаған.

XS
SM
MD
LG