Ссылки доступа

Екі оппозиционердің туыстары: Олардың Тәжікстанға "өз еркімен оралуы" туралы видеоны билік ұйымдастырған


Рамзи и Ораз Вазирбековы
Рамзи и Ораз Вазирбековы

Мәскеудегі памир диаспорасының белсенділері Ораз Вазирбеков пен Рамзи Вазирбековтің туыстары олардың Тәжікстанға қайтқысы келмегенін, елге өз еркімен келгені туралы видеоны тәжік билігі қолдан ұйымдастырғанын мәлімдеді.

Ораз бен Рамзи Вазирбековтер 29 шілдеге қараған түні Мәскеудегі Домодедово әуежайында "жоғалып кетті". Ертесіне YouTube-те "Бехдошт ТВ" деп аталатын арнада олардың Тәжікстанға өз еркімен оралғаны туралы видео жарияланды. Бұл екеуіне "тергеу органдарының Хорог қаласындағы оқиғаларға қатысты сауалдары бар" екені айтылды.

Ораз Вазирбековтің әйелі Сабрина Отамбекованың 1 тамызда Озоди радиосына хабарлауынша, 29 шілдеге қараған түні оның күйеуі Екатеринбургтен Мәскеуге ұшып келген, бірақ Домодедово әуежайында "жоғалған".

"Мәскеуге ұшар алдын біз видеобайланыс көмегімен әңгімелестік. Ораз кешкі ас дайындап қой деп өтінді. 2,5 сағаттан соң ол Домодедово әуежайынан телефон соқты. Әдеттегі Ораз, біреу артынан аңдып жүргені немесе Тәжікстанға оралғысы келетіні туралы ештеңе айтылмады. 20 минуттан соң мен оған хабарластым, бірақ телефоны сөндірулі екен. СМС-хабар жолдадым, жауап болған жоқ", дейді Сабрина Отамбекова.

Сабрина "Домодедово" әуежайына барған. Әуежай қызметкерлері кейінгі бірнеше сағатта Душанбеге ешқандай ұшақ ұшпағанын айтқан. "Ораз маған Рамзи екеуі Тәжікстанға барғаны мәлім болса, онда оларды тәжік арнайы қызметі ұрлап әкеткенін білдіреді деген", дейді Ораздың әйелі. Оның пікірінше, Ораз бен Рамзидің елге өз еркімен оралғаны туралы видеоны тәжік билігі әдейі ұйымдастырған.

Ораз бен Рамзи Вазирбековтер Ресей азаматтығын алған. Ресей билігі әзірге ел азаматтарының жоғалып кетуіне қатысты ешқандай мәлімет таратпады.

45 жастағы Ораз Вазирбеков 2021 жылғы қарашада Тәжікстанның Мәскеудегі елшілігі алдында бейбіт наразылық акциясынан соң оны тәжік арнайы қызметі ұрлап әкетуі мүмкін екенін "Америка дауысына" берген сұхбатында ескерткен.

Рамзи мен Ораз Вазирбековтер тәжік билігінің саясатын ашық сынаған.

XS
SM
MD
LG