Ссылки доступа

Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолына қатысты құжат қыркүйекте ШЫҰ саммитінде қабылданады


Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) 15-16 қыркүйекте Самарқанда (Өзбекстан) өтетін саммитінде Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолы құрылысы жобасына қатысты үшжақты құжатқа қол қойылады.

Өзбекстан сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Владимир Норов 2 тамызда Ташкентте "Өзбекстан - Әзербайжан - Түркия" форматындағы диалогтың алғашқы отырысында осылай деп мәлімдеді.

Өзбекстан СІМ-нің хабарлауынша, министр "жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау" жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Норовтың пікірінше, Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жол дәлісіз транскавказ дәлізіне қосқан уақытта Қытайдан Еуропаға дейінгі аралықта сауда географиясы ұлғая түседі.

Еске салайық, ШЫҰ саммитінде Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолы жобасына қатысты құжатқа қол қою туралы бастаманы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров көтерген. Қырғызстанға ресми сапармен келген Қытай сыртқы істер министрі Ван Иді қабылдаған қырғыз президенті темір жол құрылысы Бішкек үшін ұлттық маңызы жоғары жоба деп атады.

Бұның алдында Жапаров үш елдің темір жол құрылысы 2023 жылы басталып, үш-төрт жылда аяқталатынын айтқан.

Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жол құрылысын салу туралы идея 2000-жылдардың басында жиі айтылған, бірақ сол күйі жүзеге аспаған.

XS
SM
MD
LG