Шекарашылар осы аудандағы Ёл қышлағына жақын маңдағы жаңа орынға - шекара сызығынан шамамен төрт шақырым жерге орналасады. Бұл жасақ биыл мамыр айында құрылған. Сол кезде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон осы ауданға сапарлап келген.
Шамсиддин Шохин ауданының төрағасы Зафар Гүлзоданың айтуынша, шекара жасағы "сүйікті отанының қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғау үшін" шекараға жақын жерде болады.
Бұрынғысы тәжік-ауған шекарасынан шамамен 20 шақырым жерде орналасқан, сол себепті шекараны күзету қиынға соққан.
Бұл ауданда Ауғанстан мен Тәжікстанды Пяндж өзені бөліп тұр. Алайда өзен бойында жол жоқ болғандықтан шекарашыларға оны күзету қиынға соғады. Бұны жақсы білетін ауған контрабандашылары жылдар бойы осы маңды торуылдап жүреді. Шекарашыларға аса қажет жол енді ғана салына бастады.
Гүлзоданың айтуынша, автожолдың 30 шақырымға жуығы салынды, шекараны толық бақылау үшін тағы 100 шақырымға жуық жол түсуі тиіс.
Бір жыл бұрын тәліптер Ауғанстанда билікке келген соң тәжік үкіметі мемлекеттік шекараны нығайтуды қолға алды.