Ссылки доступа

Өскеменде "Дорожный контроль" порталының тілшісін ұрып кеткен


Өскеменде "Дорожный контроль" ақпарат порталының тілшісі Антон Князевті ұрып кеткен. Бұл жөнінде "Әділ сөз" баспасөз қорғау қоры хабарлады.

"3 тамызда Өскеменде белгісіз бес адам "Дорожный контроль" ақпарат порталының тілшісі Антон Князевті ұрып кеткен. Бұл жөнінде ақпарат әлеуметтік желіде тарағаннан кейін Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 293-бап 2-бөлігі 1-тармағы бойынша ("Бұзақылық") сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастағанын, екі күдікті анықталғанын және қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады" деп жазылған қор хабарламасында.

"Дорожный контроль" порталындағы ақпаратқа қарағанда, Антон Князев 3 тамызға қараған түні қаладағы дүкендердің бірінде соққыға жығылған. Шабуылдаушылар журналистің бетінен ұрып қана қоймай, тілшінің көлігін де бүлдірген. Журналистің шақыруымен оқиға орнына полиция қызметкерлері келсе де, "жас жігіттер билік өкілдерін елемей, журналиске қатысты заңға қайшы әрекеттерін жалғастыра берген".

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, оқиғаға байланысты 1994 және 1999 жылғы екі жігіт күдікті ретінде анықталған.

Антон Князев оқиғаның кәсіби міндетіне қатысы бар-жоғын айтпаған.

20 шілдеде Атырауда "Дорожный контроль" порталының қызметкері Олеся Вертинскаяны үйінің маңында ұрып кеткен еді. Сол кезде де полиция оқиғаны "Бұзақылық" бабы бойынша тергеп жатқанын мәлімдеген. Ал журналистің өзі оқиғаны кәсіби қызметімен байланыстырған.

"Менің ойымша, осының бәрі қаңтардағы мені азаптау мен Атырауда әскери борышын өтеген ақтаулық солдат Медет Амангелдімен байланысты сияқты" деген еді шілде соңында Олеся Виртинская қор өкілдеріне.

Олеся Вертинская ақпан айында атыраулық "Ақжайық" басылымына Қаңтар оқиғасы кезінде "кәсіби міндетін атқарғаны үшін ұсталғанын, полицейлердің оны тергеп, қоқан-лоқы көрсетіп, қол жұмсағанын" айтқан. Сол кезде оның үстінен "бейбіт жиынды өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Кейін құқық бұзу құрамы болмағандықтан іс тоқтатылған.

XS
SM
MD
LG