Ссылки доступа

Алматыда блогер журналист Махамбет Әбжанды босатуды талап етіп пикетке шықты 


Алматыда блогер Нұрәлі Айтеленов соңғы бірнеше күннен бері журналист Махамбет Әбжанды босатуды талап етіп, жалғыз адамдық пикетке шығып жүр. 

Сейсенбі күні де Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматыдағы департаменті алдында пикет өткізген блогер қолына "Блогер әрі журналист Махамбет Әбжанға бостандық!" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.

Адам құқықтары жөніндегі бюроның хабарлауынша, Айтеленов таңертең екі сағат бойы антикор ғимараты алдында тұрып, әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфир жүргізген. Ол бұл пикетке әкімдіктен рұқсат алған екен.

39 жастағы журналист әрі блогер Махамбет Әбжанды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 3 шілде таңертең тұтқындаған. Агенттік ол бір кәсіпкерден 50 миллион теңге боспасалады деп хабарлаған. Әбжан қамауға алынардан екі күн бұрын телеграм каналында өзін қаралайтын жалған ақпараттар таралып жатқанын жазған еді.

Бұл - Махамбет Әбжанға қатысты қозғалған бірінші іс емес. Қаңтар оқиғасынан соң оны "көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты", "жеке өмірге қол сұқпау және дербес деректі қорғау заңын бұзды" деп айыптап, қылмыстық іс қозғалған. Кейін бұл істер тоқтатылған еді. Ол 2017 жылы "алаяқтық" бабымен да үш жарым жылға сотталған. Әбжан ҚазТАГ агенттігінде, Orda.kz, Ұлыс медиа сайттарында журналист болып жұмыс істеген. Оның Abzhannews деп аталатын телеграм каналы да бар.

XS
SM
MD
LG