Ссылки доступа

Астанада құрылысшылар жұмыс беруші компанияларға бірнеше талап айтты


15 тамызда астанада 30 шақты құрылысшы жалақының аздығына және еңбек жағдайының нашарлығына шағымданды.

Астанадағы түрлі құрылыс компанияларында істейтін 30-дан астам адам дүйсенбі күні "Жанұя" орталығына келіп, өздері кезігіп отырған проблемалар жайлы айтты. Айтуларынша, күні-түні қысы-жазы істейтін ауыр еңбектері төмен бағаланады. Бұған қоса, ақысы төленбейтін қосымша жұмыстар көп. Мысалы, арматура кесу, қоқыс шығару, материал тасу. Наразылар бәрі қымбаттаған шақта құрылысқа қажет құралдарды да өздері сатып алып отырғанын айтты. Наразылардың сөзінше, астанада өздері сияқты 2 мың құрылысшы бар. Көбінің басындағы жағдай осы деді.

– Жағдайымыз мүшкіл. Табысымыз бала-шағамызды асырауға, тамақ сатып алуға жетпейді. Балаларды мектепке дайындаудың өзі өте қымбат. Баға күннен-күнге өсіп барады. 4-5 жыл бұрын бұлай өмір сүрмеген сияқты едік. Бірақ биыл қатты көрініп қалды. Еңбегіміз өте төмен бағаланады. Қазір газоблоктың квадратурасына 1700-1800 теңгеден төленеді. Бұл 5-6 жыл бұрынғы баға. Біз мұны 3 мыңға дейін өсіруді талап етіп отырмыз, – деді бес баланың әкесі құрылысшы Ғабидолла Бейсембаев.

Наразылардың бірі Амангелді Мұратовтың айтуынша, жұмысшылар басы үшкір бәтеңке, каска сияқты қажетті заттарға дейін өздері сатып алады. Себебі қауіпсіздік талабы сондай. Егер жұмыс барысында электрқұралдар сынып немесе күйіп қалса, оны да өздері сатып алады.

– Қазір жұмысшылар құрылыс компаниясына ИП (жеке кәсіпкер), ЖШС арқылы жұмысқа кіреді. Тікелей кіре алмайды. Ал ол ИП, ЖШС-да мөрден басқа дым жоқ. Айналымда жүрген қаражаттары болса, жұмысшыларға аванс береді. Олар өздеріміз сияқты жігіттер. Бір қауіпсіздік құралын сатып алу үшін өте көп қаражат кетеді. Ол оны қайдан табады. Бұл негізі үлкен сұрақ, - дейді Амангелді Мұратов.

Наразылар жұмысшылармен еңбек шарттарын жасауды қамтамасыз етуді де талап етті. Себебі, оның жоқтығы әдетте жұмысшы құқығының өрескел бұзылуымен аяқталады.

Оқиға орнына құрылыс компанияларының бірде-бір өкілі келмеді. Азаттық тілшісі олардың кейбіріне хабарласқанмен жауап ала алмады.

Ал еңбек инспекциясының өкілі Ерлан Мақашов "жұмысшылар негізінен шаршы метрге төленетін құнды өсіруді талап етіп отыр, бірақ біз мемлекеттік орган ретінде компаниялардан бағаны өсіруді талап ете алмаймыз" деді. Ол бұл азаматтық мәселе, сәйкесінше наразылар сотқа шағым түсіріп дауласуға болады деді.

"Жұмысшылардың талаптарын тыңдадық, аталған мәселені мердігер компаниялармен талқылаймыз. Жұмыс берушілер жұмысшыларға белгілейтін тариф құны мәселесін өз ұйымдарының ішінде көтереді. Оны қосымша хабарлаймыз" деді ол.

Наразы жұмысшылар 17 тамызда қайта жиналатын болып келісті. Ол жиналысқа әкімдік пен құрылыс компаниясының өкілдері шақырылады.

XS
SM
MD
LG