Ссылки доступа

Құқық қорғау тобы Қаңтарда қаза тапқандар жайлы толық ақпарат жариялауды талап етті


Тіркелмеген Qaharman құқық қорғау тобы биліктен Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандар жайлы толық мәлімет жариялауды талап етті. Бір күн бұрын бас прокуратура қанды қырғын өткеннен соң жеті айдан кейін Қаңтар құрбандарының тізімін жариялаған.

Алайда тізімде 238 марқұмның фамилиясы мен есімінің инициалы ғана жазылған. Марқұмдардың қалай, қандай жағдайда қаза тапқаны жайлы ақпарат жоқ.

"Бейбіт азаматтарды жаппай атып, азаптағаны үшін жеке санкциядан жалтару мақсатында және оны тексермесін деп билік толық тізімді жарияламай отыр" деп жазды Qaharman тобы 17 тамыз күнгі хабарламасында.

Топ өкілдері хабарламада қаза болғандардың толық аты-жөні мен туған жылы, туған жері, қандай жағдайда ажал құшқаны жайлы мәлімет жариялауды талап еткен. Бұған қоса, олар қаза болған адамның қайсысы күштік құрылым өкілі, қайсысы бейбіт тұрғын немесе бейбіт түрде наразылыққа қатысқанын ажыратып көрсету қажеттігін айтты.

"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да бас прокуратура тізімі жарияланғаннан кейін тізімнің толық еместігін алға тартты.

"Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде кейінгі бірнеше жылда Қазақстанда тұрған Израиль азаматы 22 жастағы Леван Когеашвили атып өлтірілді. Ол неге қаза болған 238 адамның арасында жоқ? Ол тізімде 239-ы болып тұруы тиіс пе? Біз өз тізімімізді тексеріп, бас прокуратураныкымен салыстырдық. Жуырда құқық қорғаушылар жинаған тізімді жариялаймыз: Аты-жөні, қала, жасы, қаза болған күні" деп жазды Төреғожина Facebook парақшасында.

Бас прокуратура әзірге құқық қорғаушылардың талаптарына реакция білдірмеді.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жетекшілік ететін Qantar2022 еріктілер тобы бұған дейін қаза болғандардың тізімін өз бетінше анықтап, жариялаған еді. Онда кемінде 239 адамның аты-жөні көрсетілген.

Бұған дейін Азаттық та қаза болғандарды өз бетінше анықтап, арнайы парақша арнаған. Онда 202 адамның тізімі бар.

Қаза болғандар туралы бар ақпаратты жариялау құқық қорғаушылар, оппозиция топтары мен еуродепутаттардың Нұр-Сұлтанға қойған басты талаптарының бірі болған. Еуропарламенттің Қаңтар оқиғасы бойынша резолюциясында "2022 жылы Қаңтардағы наразылық кезіндегі ірі заңбұзушылықтарға жауапты" лауазымды тұлғаларға санкция салу туралы үндеу бар.

Қаңтардың басында елде сұйылтылған газдың қымбаттауына қарсы митинг өтіп, наразылықтың аяғы қантөгіске ұласқан. Билік шетелде дайындықтан өткен "террористер шабуылы" туралы айтты, бірақ оған дәлел-айғақ келтірген жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді. Ол сонымен бірге елде билікті күшпен басып алу талпынысы болғанын айтты, алайда оны кім ұйымдастырғанын нақтыламады.

Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 232 адам қаза болды. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы алты адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны белгілі болды. Билік қоғам талабына қарамастан опат болғандардың есімін жарияламай келген еді.

Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.

Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды қаңтар қырғынын тәуелсіз және жан-жақты зерттеуге шақырған. Нұр-Сұлтан одан бас тартқан.

XS
SM
MD
LG