Ссылки доступа

"Алға, Қазақстан" белсенділері саяси қудалауды доғаруды талап етті


21 тамызда Алматы мен астанада тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының белсенділері саяси қудалауды доғаруды, партияны тіркеуді және саяси тұтқындарды босатуды талап етті. 

Алматыда аталған ұйымның он шақты өкілі Шоқан Уәлиханов атындағы алаңға жиналды. Бастапқыда бірнеше адам ғана келген, келе келе жиналғандардың қатары көбейіп, оннан асты. Жиналғандар биліктің "Алға Қазақстан" партиясына тіркеуге мүмкіндік бермей отырғанын сынап, билікті нағыз оппозиция бола алатын белсенділердің саясатқа келуіне жол ашуға үндеді.

– "Алға Қазақстан" партиясы арқылы билікке араласқымыз келеді. Себебі біздің конституциялық құқығымыз бар. Саяси партиялар туралы заң бойынша құқығымыз бар. Сондықтан билік халықтың үнін естуі тиіс. Бізге жол ашуы тиіс. Тіркеуі керек, – деді белсенді Бибігүл Иманғалиева.

Жиналғандар саяси қудалауды доғаруды, саяси тұтқындарды босатуды да талап етті. Олардың қолында "Барлық саяси партияларды тіркеуді талап етеміз", "Саяси қудалау тоқтылсын!" (Stop political reppression) деген жазуы бар плакаттар болды. Келгендер "саяси тұтқындарға бостандық" деп те айғайлады.

Сәлден соң әкімдік пен прокуратура өкілдері келіп, шараның заңсыз екенін ескертіп, тарауды талап етті. Алайда жиналғандар заң бойынша митинг өткізу үшін ескерту ғана жеткілікті екенін, мұны президент Тоқаев та айтқанын еске салып, тараудан бас тартты.

Келгендер арасында Қаңтар кезінде жақындарынан айырылған бірқатар азаматтар да болды. Солардың бірі Әлімберді Шорманов Қаңтар кезінде ұлы Ерболдың қаза болғанын, әлі күнге дейін баласының өлімі жөнінде тергеу органдарынан қажетті ақпарат ала алмай отырғанын айтты.

"Тергеудің созылып жатқанына қанша ай болды? Қанша жас жігіт опат болды? Қаншасы түрмеде" деп Қаңтарға байланысты қамалғандарды босатуды талап етті.

Акцияға келгендер Ресейдің Украинаға басқыншылығын да айыптап, соғысты тоқтатуды талап еткен.

Айналада полицейлер, жәй киім киген азаматтар көп болды. Кейбірі оқиғаны камераға түсіріп тұрды.

Бұған дейін әкімдік 21 тамызда Уәлиханов алаңында "қоғамдық-мәдени шара" өтетінін айтып, саяси қудалау мәселесіне арналған митингіні өткізуге рұқсат бермеген еді. Власть сайтының хабарлауынша, жексенбі күні мұнда шағын жәрмеңкеден басқа шараның өтіп жатқаны байқалмаған.

Жексенбі күні астанада да осыған ұқсас шағын митинг өткен. Жиналғандар Жеңіс пен Абай көшелерінің қиылысына барып, саяси қудалауды доғаруды, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен. Жиналғандардың кейбірі үйлерінен әрең сытылып шыққанын, полицияның соңдарынан аңдығанын айтты.

XS
SM
MD
LG