Ссылки доступа

Алматыда тағы бір әскери сарбаздың қайтыс болғаны хабарланды 


Алматы қаласындағы 3650-әскери бөлімшесінде келісім-шартпен әскери міндетін атқарып жүрген 21 жастағы Абылай Сабыров қайтыс болды. Осылай деп Tengrinews.kz сайты Ұлттық гвардияның "Оңтүстік" өңірлік басқарма басшысына сілтеме жасап хабарлайды.  

Ресми ақпаратқа қарағанда, 22 тамызда күндізгі 15. 15 шамасында ол Макаров тапаншасын қолданғанда, өзін жарақаттап қайтыс болған.

Құқық қорғау органдары бұл оқиға бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бұл соңғы уақытта әскери бөлімшелерде орын алып жатқан бірінші жағдай емес. Бірер күн бұрын Жамбыл облысында тағы бір жауынгердің "өзіне қол жұмсап, мерт болғаны" хабарланды. Ол биыл көктемде әскерге шақырылған 18 жастағы Бекбол Мираш, Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылында туып өскен.

Екі күн бұрын Атырау облысы Исатай ауданында ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің жауынгері мерт болған.

Қорғаныс министрлігінің тамыздағы мәліметінше, жыл басынан бері төрт сарбаз өзіне қол салып қаза болған, жеті солдат суицидке талпынған, тағы бір жауынгер "сапта тұрғанда есінен танып, көз жұмған". Әскерде өлім жиілеген тұста қорғаныс министрлігі солдаттар өлімін азайту үшін арнайы бағдарлама жасайтынын айтқан.

Ал марқұмдардың жақындары тергеудің нәтижесі мен барысы ашық айтылмайтынына наразы. Әскери психолог пен отставкадағы әскерилер жауынгерлердің өлімін азайту үшін алдымен осыған дейін болған жағдайларды жеке-жеке тексеріп, ашық тергеу жүргізу керек деп санайды.

XS
SM
MD
LG