Ссылки доступа

HRW тәжік билігін Таулы Бадахшан тұрғындарын қудаламауға шақырды


Халықаралық Human Rights Watch адам құқықтарын қорғау ұйымы Тәжікстан билігінен Таулы Бадахшан автономиялы облысының тұрғындарын заңсыз қамап, оларды әділетсіз соттауды доғаруын талап етті.

HRW ұйымының 23 тамызда жарияланған үндеуінде былай делінген: "Тәжікстан билігі қудалау әдісінен бас тартып, әділ сот қамтамасыз етуге арналған халықаралық келісімдердегі міндеттерін орындауы тиіс".

Үндеуде Таулы Бадахшанның ондаған тұрғыны мамырдағы ереуілдерден соң ұсталғаны, олар жабық соттарда әділетсіз сотталуы мүмкін екені айтылды.

"Ауыр қылмыстар жасады деп айыпталғандарға адвокат берілмеді, олардың кінәсін дәлелдейтін айғақтар ұсынылмады. Соттар заңсыз өтіп жатыр", - делінген ұйым үндеуінде.

Биыл мамыр айында Таулы Бадахшанда ондаған адам опат болған ереуілдерден соң құқық қорғау органдары жүздеген адамды ұстады. Олардың арасында бадахшандық белсенділер де бар. Ұсталғандардың бірқатары ұзақ мерзімге сотталды. Ұсталғандар мен олардың туыстары айыптауларға ешқандай негіз жоғын айтып отыр.

XS
SM
MD
LG