Ссылки доступа

Тәжік билігі онға жуық ауған босқынын еліне депортациялаған 


Ауғанстан 
Ауғанстан 

Соңғы бірнеше күннің ішінде тәжік билігі Ауғанстанның кем дегенде тоғыз азаматын еліне депортациялады. Бұл туралы Озоди радиосы дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады. 

Ақпаратқа қарағанда, ауған азаматтарын отанына депортациялау өткен аптаның соңына таман басталған. Қауіпсіздік органдарының қызметкерлері босқындарды бөлімшелерге шақырып, енді бірін үйінен ұстап әкеткен. Оларды шекараға дейін жеткізіп, Ауғанстанға өткеріп берген.

Журналистер босқындардың бірінің әйелімен сөйлесті. Ол күйеуі Ауғанстанға депортацияланғанын, өзі Тәжікстанда бала-шағасымен қалғанын айтқан.

Тәжікстанның ресми билігі бұл жағдай бойынша пікір білдірмеді. Осыған дейін Тәжікстанның ішкі істер министрлігі жыл басынан бері шекарадан 32 ауған азаматы заңсыз өткенін, бірақ олар кері қайтарылмағанын мәлімдеген.

БҰҰ-ның Босқындар ісі бойынша бас комиссары басқармасының Душанбе қаласындағы кеңсесі босқындарды шығарудан хабары жоқ екенін, егер бұл мәлімет рас болса, билік сөзсіз хабардар етуі тиіс екенін жеткізді.

БҰҰ мәліметінше, биыл жаз айынан бері Тәжікстанда 8500 ауған босқыны және пана іздеген азаматтар тіркелген. Олардың 5700-і былтыр тамызда ауған билігін тәліптер басып алғаннан кейін келген.

Ауғанстандықтардың көбі Тәжікстан арқылы Канада және Еуропа елдеріне өтіп кетуді қалайды. Соңғы бір жылда Тәжікстанға келген босқындардың 4 мыңға жуығы үшінші өлкеге өтіп кеткен.

XS
SM
MD
LG