Қайрат Құдайберген биыл сәуірде қаңтар оқиғасына байланысты іс бойынша ұсталған.
Бұның алдында экс-депутаттың қамаудағы мерзімі екі мәрте ұзартылған: әуелі екі айға — 21 маусымға дейін, сосын бір айдан екі мәрте — 21 шілдеге дейін және 21 тамызға дейін.
Қайрат Құдайберген "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды және оған қатысты" деген күдікпен ұсталды. Алматы прокуратурасының мәлімдеуінше, қаңтар оқиғасы кезінде Құдайберген қылмыс әлемінің дөкейі Арман Жұмагелдиевпен бірге Алматыдағы "Қазақстан" қонақ үйіне адам жинаған, "жаппай тәртіпсіздікке қатысқан".
Қаңтар оқиғасы кезінде түсірілген видеолардан Құдайберген мен Жұмагелдиевтің жүргенін көруге болады. Ақпан айында есімі аталмауын қалаған бір ер кісі Азаттыққа "Қазақстан" қонақ үйінде соққыға жығылғанын айтты. Ол депутат әрекетін тергеуді өтінді.
Қаңтар оқиғасынан кейінгі бір сұқбатында Құдайберген алаңда халықты арандап қалмауға үндегенін, адамдарды "Қазақстан" қонақ үйінде қалада тәртіп орнатуға көмектесу үшін жинағанын айтқан.
Қайрат Құдайберген көпшілікке кәсіпкер, блогер, биліктің "Нұр Отан" партиясының (қазіргі "Аманат") Алматы мәслихатындағы депутаты ретінде белгілі.
Шілде айында мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Қайрат Құдайбергенді депутат мандатынан айырғаны, "Аманат" партиясынан да шығарғаны мәлім болды.