Ссылки доступа

Запорожье АЭС-і тарихта алғаш рет электр желісінен ажырап қалды


"Энергоатом" украин ядролық агенттігінің хабарлауынша, 25 тамызда Запорожье атом электр станциясы тарихта алғаш рет электр желісінен толық ажырады.

Агенттік мәліметінше, АЭС маңында орналасқан Запорожье жылу электр станциясы өртеніп, соның салдарынан электр желісінің төртінші линиясы екі мәрте өшіп қалған. Қалған үшеуі бұған дейін Ресей шабуылдары салдарынан бүлінген. Атом электр станциясында жұмыс істеп тұрған екі блок желіден ажырап қалды.

"АЭС қажетті электр қуатын Украина қуат жүйесінен Запорожье ЖЭС-нен алады. Қуат блоктарының бірін желіге қосу операциясы атқарылып жатыр", - делінген ядролық агенттік мәліметінде.

"Интерфакс" ақпарат агенттігінің басқыншы билікке сілтеме жасай отырып хабарлауынша, Запорожье және Херсон облыстарының бір бөліг жарықсыз қалды. Атап айтқанда, Херсон, Новая Каховка, Энергодар және Мелитополь қалаларында жарық сөнген. Кейін мәлім болғандай, Херсонға жарық берілген.

Запорожье атом электр станциясы – Еуропадағы ең ірі АЭС. Ол Энергодар қаласында орналасқан. Биыл наурызда ресейлік әскер бұл қалаға бақылау орнатты. Станцияда украин мамандары жұмыс істеп жатыр. Тамыздың басында АЭС-ті бірнеше мәрте атқылағаны мәлім болды. Ресей мен Украина станцияға шабуылдады деп бір-бірін айыптады.

АЭС блоктарын салқындату үшін станция үнемі электр қуатын пайдаланады. МАГАТЭ мамандары бірнеше айдан бері атом электр станциясына сапарын келістіре алмай жүр.

XS
SM
MD
LG