Ссылки доступа

Қырғыз оппозициясы биліктен Құмтөр қызметіне қатысты есеп беруді талап етті


Қырғызстанның бірлескен демократиялық қозғалысы биліктен "Құмтөр" алтын кеніне қатысты мәліметтерді жариялауды талап етті. Қозғалыс мәлімдесі 29 тамызда жарияланды.

Оппозициядағылардың пікірінше, биліктің Құмтөр жөніндегі мәлімдемелері бір-біріне қайшы келеді. Сол себепті олар үкіметтің Centerra Gold Inc компаниясымен жасаған бейбіт келісімін, "Эрнст энд Янг Аудит" халықаралық аудит компаниясының қорытындысын, мемлекеттік экология комиссиясының жұмысын жариялауды талап етіп отыр.

Бұған қоса, қозғалыс президент Садыр Жапаровтың Құмтөрге қатысты есебі Жогорку Кенеште тыңдалғанын қалайды.

2021 жылы Қырғызстан үкіметі Құмтөр алтын кеніне басқару енгізіп, Centerra Gold Inc компаниясымен соттасты.

2022 жылғы сәуірде Қырғызстан мен канадалық компания даулы мәселелерді шешу жөнінде бейбіт келісім жасады. Құжатқа сәйкес, Қырғызстан "Центерра Голдқа" акцияларының 26 пайызын беріп, экологиялық және экономикалық арыздарынан бас тартты. Ал "Құмтөр Голд Компани" толықтай Қырғызстанға өтті.

23 тамызда мәлім болғандай, "Құмтөр Голд Компания" компаниясын сырттай басқарушы Теңіз Бөлтүрік пен қаржы директоры Рыспек Тоқтоғұлов қызметтен босады. Мәліметтерге қарағанда, Есеп палатасы компанияда тексеру жүргізіп, заң бұзылғанын анықтаған. "Құмтөр Голд Компани" президенті қызметіне Алмаз Берыктабасов тағайындалды. Директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне Болот Идрисов кірісті.

XS
SM
MD
LG