Ссылки доступа

Ресейдегі өзбек мигранттары түрік компанияларынан айлық ала алмай жүр (видео)


Украинада соғыс басталғалы бері Ресейде жұмыс берушілердің еңбек мигранттарына айлық төлемеуіне қатысты жайттар көбейді. Жалақыны кешіктіретіндер арасында шетел компаниялары да бар.

Мәскеу облысында түріктің "Динамик Групп" құрылыс компаниясында істейтін өзбек мигранттары төленбеген жалақы 45 миллион рубль (700 мың доллардан асады) болғанын айтты. Бұл - 200-ге жуық жұмысшының айлығы.

Еңбек мигранттары Азаттық радиосы редакциясына шығып, тақырға отырғанын жариялаған түрік компаниясынан екі жылдың ақысын өндіріп беруге көмектесуін сұрады. Мигранттар Өзбекстанның Мәскеудегі консулдығына бірнеше мәрте арызданған. Алайда одан ешқандай нәтиже шықпады, дейді жұмысшылардың құқықтарын қорғаушы Ділшод Туйчиев.

- Адамдар кәсіподақ ұйымына біріксе, бұл ұйым солардың атынан сотқа шағымдана алар еді. Жұмысшыларда бірлік жоқ. Олардың мәселесін билік органдарына жолдадым. Прокуратура мәліметінше, қырықтан астам адам еңбек шартына отырмаған, 70-тен стам адамның айлығы төленбеген. Компания қанша қарыз екені белгісіз, - дейді заңгер.

Emir Kons - тағы бір түрік компаниясы Сколково ауданында құрылыс жүргізіп жатыр. Компания жұмысшыларының дені - өзбек мигранты.

Еңбек мигранттарының айтуынша, құрылыс компаниясы олардан 17 млн рубль ұстап қалған. "Озодлик" редакциясына жолданған видеода осы компанияда істеген 175 мигрант жұмыстан қысқарып, жатақханадан шығарылған.

"Динамик Групп" пен "Emir Kons" журналистер сауалдарына жауап бермеді.

Еңбек мигранттары Өзбекстанның Мәскеудегі консулдығынан әлі көмек күтіп жүр.

XS
SM
MD
LG