Ссылки доступа

Пенджикент тұрғындары алтын өндіруші қытай кәсіпорыны қызметіне шағымданды


Фируза Каххорова

Тәжікстанның Пенджикент қаласындағы бір қышлақтың тұрғындары қытайдың алтын өндіруші кәсіпорынының қызметіне шағымданды.

"Зарафшон" "тәжік-қытай бірлескен кәсіпорыны Хумгарон қышлағынан 300 метр жерде орналасқан. Жергілікті тұрғындар бұл кәсіпорын қоршаған ортаны бірнеше жылдан бері ластап келеді дейді. Олар заң органдарының бәріне шағымданған, бірақ ешқандай нәтиже шығара алмаған.

25 жыл бұрын Хумгарон сұлу табиғатымен, таза ауасымен мақтанатын. Бірақ алтын кені жұмыс істегелі бері бәрі өзгеріп шыға келді. Тұрғындар кәсіпорын жұмысынан денсаулығы нашарлағанын айтып отыр.

Хумгарон қышлағының тұрғыны Абдурахмон Сатторовтың айтуынша, "олар алтын өндіру үшін цианид улы затын пайдаланады. Ол адамдарға зиян. Кәсіпорын әуелі қышлақтың төменгі жағында құрылыс тұрғызды, енді жоғары жағында, біз су ішетін бұлақ көзінде, зираттардың үстіне сала бастады. Суды ішуге болмайды, олар алтын өндіре бастағанда су одан сайын уланады".

Тұрғындардың мәліметінше, компания мұнда 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

"Олар біздің жайылымдарымызды тартып алды. Жақында елу қой кәсіпорын аумағына кіріп кетіп, бәрі қырылып қалды. Халықтың жағдайын ешкім ойламайды", - дейді қышлақ тұрғыны Фируза Каххорова.

Жергілікті тұрғындар мен кәсіпорын арасындағы жанжал төрт жыл бұрын шиеленісе түскен. Сол кезде компания алты гектар жерге жаңа фильтрация цехын тұрғызу жөнінде шешім қабылдаған.

Кәсіпорын басшылығы цехқа жақын маңда тұратын 47 үйді басқа жерге көшіргісі келеді. Бірлескен компания құрылыс жобасын тиісті мемлекеттік органдар бекітті деп отыр.

"Жобалардың бәріне экологиялық сараптама жасалған", - дейді "Зарафшон" менеджері Кобил Тұрсынов.

"Зарафшон" тәжік-қытай бірлескен кәсіпорыны Орталық Азиядағы минерал белдеулерінің бірі өтетін Пенджикент қаласында орналасқан. Кәсіпорын акцияларының 70 пайызы Қытайдың ZiJin Mining Group Co.Ltd компаниясына тиесілі.

XS
SM
MD
LG