Ссылки доступа

Тәжікстан қоймаларында қолданылған 2 млн сынапты шам сақтаулы 


Тәжікстан қоймаларында құрамында сынап бар 2 миллион қолданылған электр үнемдеуші шам сақтаулы.

Тәжікстан үкіметі 1 маусымнан бастап сынабы бар шамдарды елге кіргізуге, өндіруге және сатуға тыйым салған.

Тәжікстанда сынабы бар шамдарды жою - басты проблема. Мемлекеттік "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық" кәсіпорнының мәліметіне қарағанда, сынабы бар шамдар елдің барлық аймағынан Исфарадағы "Чарог" кәсіпорнына утилизациялау үшін жеткізіледі. Бірақ мұндай шамдардың дені тиісті деңгейде залалсыздандырылмайды.

"Бұл шамдарды бірде-бір ел қайта өңдеуге қабылдамайды. Сондықтан оны ел ішінде утилизациялаудың жолын іздеу керек. 2017 жылы кәсіпорындардың бірі шамдарды залалсыздандыру үшін Ресейден арнайы жабдықтар алып келіп, Исфараға орнатуы керек болған. Бірақ ол жоспары іске аспады", - деді "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық" кәсіпорнының қызметкері Ахлиддин Хожаев.

Тәжікстанның Қоршаған ортаны қорғау комитетінің өкілі Наим Неъматзода "Чарог" кәсіпорнында Ресейден әкелінген сынапты шамдарды залалсыздандыратын жабдық бар екенін айтады.

"Ресейден арнайы маман шақырылып, ол он күн бойы қызметкерлерге жабдықпен жұмыс істеуді үйретті. Қазір күніне 3-4 мыңдай шам залалсыздандырылады", - деді ол.

Ресми мәліметке сәйкес, Тәжікстан қоймаларында 2009 жылдан бері елге әкелінген сынапты шамдардың 20% сақтаулы.

Экологтар құрамында сынабы бар шамдар денсаулыққа зиян екенін айтады.

"Егер мұндай электр үнемдеуші шамдар жарылса, ол ауаға жайылады. Ол адам ағзасына деммен еніп, организмге зиян келтіреді. Бұның салдары қатерлі ісік ауруына әкелуі мүмкін", - деді эколог Улугов.

Тәжікстан билігі 2009 жылы "Ильич шамы" деп аталып кеткен шамдарға тыйым салып, оның орнына электрді үнемдеу үшін сынабы бар шамдарды қолдануға шақырған.

XS
SM
MD
LG