Ссылки доступа

Нұр-Сұлтан ҚМГ басшысы мен энергетика министріне отын тапшылығы үшін сөгіс жариялады


"ҚазМұнайГаз" компаниясы мен энергетика министрлігінің "бірқатар жауапты қызметкерлері" жұмыстан шығарылып, сөгіс жарияланды. Аймақтарда жанармай тапшы болып жатқан уақытта Қазақстан үкіметі 31 тамызда осылай деп хабарлады.

Атап айтқанда, ҚМГ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Қазақстан энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауов "дер кезінде шара қолданбағаны үшін" қатаң сөгіс алды.

Сәрсенбі күні Қазақстан премьер-министрінің сайтында жарияланған ақпаратта үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған комиссия "елде жанармай тапшылығын туғызған бірқатар жайтты анықтады" делінген.

"Отандық мұнай базалары жанармайды жоғары бағамен сатқаны, соның салдарынан аймақтарда отын тапшылығы пайда болғаны, өйткені жанармай бекеттері қымбат отынды сатып алғысы келмегені анықталды", - деп жазылған Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Энергетика министрлігінің бағасы 230–260 теңге аралығында болатын дизель майын ел азаматтарына тәулігіне 100 литрден асырмай сату туралы жарлығы 22 тамызда күшіне енді. Отын әуелі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен жанармай бекеттеріне жеткізіледі.

XS
SM
MD
LG