Ссылки доступа

Қазақстан соты белсенді Жанболат Мамайды қамауда ұстау мерзімін тағы ұзартты


Қазақстан тергеу соты 31 тамыз күні кешке тіркелмеген "Демократиялық партияның" лидері, белсенді Жанболат Мамайды қамауда ұстау мерзімін 12 қазанға дейін ұзартты. Бұл туралы белсендінің жары Инга Иманбай хабарлады.

Иманбай мен белсендінің қорғаушылары Мамайдың үстінен қозғалған істе куәгерлерге қысым көрсетіліп жатқанын, олардан белсендіге қарсы айғақ беруді талап етіп жатқанын мәлімдеп отыр.

34 жастағы Жанболат Мамай Қаңтар оқиғасында "көрінеу жалған ақпарат таратты", "билік өкілін қорлады" және "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп күдікке ілініп отыр. Ол бұған келіспейді. Белсендінің жақтастары қозғалған істе саяси астар бар дейді. Ал құқық қорғаушылар оны саяси тұтқындар тізіміне қосып отыр.

Мамай 26 ақпаннан бері қамауда отыр. Оны Қаңтар оқиғасынан кейін ұстап, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деп 15 күнгі әкімшілік қамауға алған. Кейін оны қылмыстық іс бойынша күдікті деп танып, тергеу абақтысына қамады. Қамау мерзімі содан бері бірнеше мәрте ұзартылды.

Маусым айында Мамайға Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып тағылып отырғаны белгілі болды.

Freedom House үкіметтік емес ұйымы Мамайға жаңа айып тағылғанына алаңдаушылық білдірді. Оған дейін Amnesty International жән Human Rights Watch ұйымдары Нұр-Сұлтаннан Мамайды босатуды талап еткен.

Тамыздың соңында Қазақстанға іс-сапармен келген Еуропарламент депутаттары да Жанболат Мамай мен өзге де белсенділерді тергеуді тоқтатуға шақырды.

Қазақстан билігі мұндай үндеулерге жария түрде жауап қатпады. Нұр-Сұлтан Қазақстанда саяси тұтқын барын, адамдардың саяси астармен қудаланатынын жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG