Ссылки доступа

Қазақстанның халық партиясы президент сайлауында Тоқаевты қолдайтынын мәлімдеді 


Қазақстанның халық партиясы (2020 жылы партия "коммунистік" деген атауды алып тастаған) күзде өтетін кезектен тыс президент сайлауында үміткер ұсынбайтынын мәлімдеді.

"Біз осыған дейін мәлімдегендей, кезектен тыс президент сайлауында мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдаймыз. Сонымен бірге 1 қыркүйекте президент жолдауында айтылған өзгерістерді де толық қолдаймыз", - деп жазылған партияның таратқан мәлімдемесінде.

Қазақстанның халық партиясы 2023 жылға белгіленіп жатқан парламент сайлауына қатысатынын да жеткізген.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзге кезектен тыс президент сайлауын белгіледі. Бұл туралы ол 1 қыркүйектегі жолдауында мәлімдеді.

"Әділетті Қазақстан жолындағы түпкі әрі кешенді реформаларды сәтті жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты керек" деді Тоқаев."Мен үшін мемлекеттің мүддесі бәрінен биік. Сол себепті мен өз құзыретімнің мерзімін қысқартып, кезектен тыс сайлауға түсуге дайынмын" деп қосты ол.

Тоқаев сондай-ақ сайлаудан кейін парламентке президенттікті бір мерзіммен шектеуді ұсынатынын айтты.

Қазіргі заң бойынша, бір адам бес жылдық екі мерзімге сайлана аланады.

Тоқаевтың қазіргі мерзімі 2024 жылы аяқталады. Мұның алдында ол екі мерзімнен артық отырмайтынын айтқан.

Биыл маусымда Қазақстанда конституцияға түзету енгізу жөнінде референдум өткен. Бұл түзетулер ата заңнан Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген артықшылықтарды алып тастады.Референдум қарсаңында Тоқаев президенттік мерзімін нөлге теңестірмейтінін айтқан.

Тоқаев президенттікке 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткен соң келген. Ресми нәтиже бойынша, оған сайлаушылардың 70 пайызы дауыс берген. Сайлау барысында билікке қарсы наразылық күшейді. Полиция наразыларды жаппай ұстады. Оппозиция мен тәуелсіз бақылаушылар сайлау кезінде бұрмалау фактілері көп болды деп мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG