Ссылки доступа

Таулы Бадахшан белсендісі Мамадбек Атобеков Мәскеуде ұсталды


Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиялы облысы Мургаб ауданындағы азаматтық белсенді Мамадбек Атобеков 1 қыркүйекте Мәскеуде ұсталды.

Туыстарының айтуынша, Тәжікстан күш құрылымдарының екі өкілі мәскеулік полиция қызметкерлерімен бірге белсендіні ұстауға келген. Атобековті нақты қайда алып кеткенін туыстары білмейді. Белсендіні Тәжікстанға экстрадициялауы мүмкін.

Тәжікстан мен Ресей биліктері Атобековтің ұсталғаны туралы мәлімет таратпады.

Екі апта бұрын Мәскеуде тағы бір бадахшандық белсенді Мақсұд Гаёсов ұсталды.

Pamir Daily News интернет-порталының хабарлауынша, кейінгі жарты жылда Таулы Бадахшанның кем дегенде 20 тұрғыны Ресей астанасында ұсталып, Тәжікстанға жеткізілген. Тәжік билігі олардың бәрі елге өз еркімен оралды деп отыр.

Былтырғы қараша толқуы мен биылғы мамыр оқиғасынан соң Тәжікстан билігі Таулы Бадахшандағы ондаған азаматтық белсенді мен наразылыққа қатысқан азаматтарды ұстады.

Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері бейбіт акциялардың күшпен басылғанына алаңдап, Тәжікстан билігін Таулы Бадахшан тұрғындарының құқығы мен еркіндігін сыйлауға шақырды. Душанбе мұндай үндеулерді жауапсыз қалдырды.

XS
SM
MD
LG