Ссылки доступа

Прагада сенбі күні ондаған мың адам билікке қарсы акцияға шықты


3 қыркүйекте Прагада 70 мыңнан астам адам үш сағатқа созылған билікке қарсы митингіге қатысты. Бұл жөнінде Чехия полициясы хабарлады. 

Наразылар министрлер кабинетінің отставкасын талап етіп, бейтарап позиция жариялап, Ресейден арзан газ сатып алу бойынша келісім жасауға үндеді.

Вацлав алаңында өткен "Бірінші орында Чехия" атты акцияда Еуроодақ, НАТО-ға қарсы ұрандар мен Ресеймен соғысып жатқан Украинаны қолдамау туралы үндеулер айтылды. Оңшыл және әсіре солшыл күштер Украинадан босқындар қабылдауды тоқтатуды, бейтараптық жариялап, "Брюссель немесе украин емес, чех" үкіметін жасақтауды талап етті. Бұл жөнінде Lidové noviny басылымы жазды.

Чех үкіметін жоғары инфляция мен отын бағасының қымбаттағанына жиі кінәлайды. Премьер-министр Петр Фиала сенбілік митингіні Чехия мүддесіне қарсы ресейшіл ұйымдар ұйымдастырғанын мәлімдеді.

Жұма күні парламенттегі оппозиция үкіметке сенімсіздік жариялау туралы ұсыныс айтқанмен дауыс беру кезінде жеңіліп қалды. Талқылау мен дауыс беру түнге дейін созылды. Кабинетті отставкаға жіберу керек деген ұсынысқа 200 депутаттың 84-і дауыс берді. Ұсынысты өткізу үшін кемінде 101 дауыс керек. Үкімет коалициясы төменгі палатадағы орындардың басым бөлігін бақылайды.

Еуроодақ мүшесі Чехия Мәскеумен қарым-қатынасты қатаңдатуды қолдайды. Прага ресейлік дипломаттардың басым бөлігін еліне қайтарған, Ресейге салынған санкцияны қолдап, Ресей азаматтарына визаның көп түрін беруді доғарған және орыс студенттерінің оқуын шектеген.

XS
SM
MD
LG