Ссылки доступа

"Елден мәжбүрлеп шығаруды тоқтатыңыз!". Ауған босқындары Эмомали Рахмонға хат жазды


Афганские беженцы в Пакистане. Архивное фото
Афганские беженцы в Пакистане. Архивное фото

Тәжікстанды паналаған ауған босқындары 5 қыркүйекте президент Эмомали Рахмонға үндеу арнап, билік басында тәліптер отырған Ауғанстанға "босқындарды мәжбүрлеп қайтаруды тоқтатуын" сұрады.

"Ауған азаматтарының дені балалары мен бас амандығын ойлап, үйін тастап кетуге мәжбүр болды. Олар әлемнің түкпір-түкпірінде бас сауғалап жүр", - деп жазды Тәжікстандағы ауған босқындары. Хат парсы, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған.

Тәжікстан билігі ауған босқындарының хатын алған-алмағанын айтпады. Тәжікстандағы ауған босқындарын елден мәжбүрлеп шығарып жатқаны туралы материал жарияланғанына екі апта өтті, бірақ билік бұның себебін түсіндіргісі келмеді. Ішкі істер министрлігінің бір өкілі ғана отыз шақты ауған босқынына Тәжікстан аумағында жүріп-тұру ережесін сақтамағаны үшін айыппұл салынғанын хабарлады, бірақ оларды елден шығарғалы жатқаны туралы ештеңе айтпады.

Тәжік президентіне хат жазғандар босқындардың кейбірі үшінші бір елден виза күтіп отырғанын мәлімдеген.

"Сізден ауған босқындарын елден мәжбүрлеп шығаруды тоқтатуды сұраймыз, сонда ғана біз босқындар қабылдай алатын үшінші бір елге өтуге мүмкіндік аламыз. Балаларымыз жоғары білім алып, ұрпақтарына жарқын болашақ сыйласыз", - деп жазды босқындар.

Озоди радиосы дереккөзінің мәліметінше, "кейінгі бірнеше күнде Тәжікстаннан жүзден астам ауған босқыны жер аударылды". Дереккөз депортацияланған ауған азаматтарының саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін деп отыр.

"Сенбі күні ғана 22 адамды еліне қайтарды. Билік бізге ешқандай мәлімет бермейді, ауған азаматтарын елден шығару себебін түсіндірмейді. Олар бізден жер аударылған ауған азаматтарының аты-жөнін, жалпы мәліметтерді жасырып отыр", - дейді ауған босқындарымен жұмыс істеуге жауапты дереккөз.

Тәжікстанда Ауғанстанның 10 мыңға жуық азаматы тұрып жатыр. Олардың дені республикаға тәліптерден қашып келген. "Талибан" қозғалысының Ауғанстанда билікті басып алғанына бір жылдан асты. Халықаралық ұйымдар тәліптерді адам құқықтарын, әсіресе әйелдер мен балалар құқықтары мен еркіндіктерін шектеді деп айыптап отыр.

XS
SM
MD
LG