Ссылки доступа

Мәскеуде бадахшандық блогер Комёр Мирзоев ұсталды


Тәжікстандағы Таулы Бадахшан автономиялы облысының тумасы, блогер Комёр Мирзоев 5 қыркүйекте кешке Мәскеуде ұсталды.

Таулы Бадахшандағы оқиғалар туралы жазып жүрген Pamir Daily News интернет-порталының мәліметінше, Хорог тумасы Комёр Мирзоев әлеуметтік желілерде "Комчек Мирзоев" есімімен танымал.

Блогермен жақын араласатын екі адамның 6 қыркүйекте Озоди радиосына хабарлауынша, полиция қызметкерлері Комёрмен бір пәтерде тұратындарды да ұстаған. Олар туралы әлі күнге дейін ешқандай мәлімет жоқ. Дереккөздер Комёрді әлеуметтік желілердегі жазбалары үшін ұстағанына сенімді, енді оны Тәжікстанға экстрадициялауы мүмкін деп қауіптенеді.

Комёр Мирзоев негізінен Таулы Бадахшан автономиялы облысы тұрғандарының мәселелерін әлеуметтік желілерде жиі көтеріп жүрген. Коронавирус індеті кезінде оның аймақтағы бір аурухана туралы жазғаны қоғамды қозғалтты: ондаған адам медициналық мекемеге жәрдем берді.

Кейінгі бір аптада Мәскеуде осымен екінші бадахшандық ұсталды. 1 қыркүйекте Мургаб ауданының азаматтық белсендісі Мамадбек Атобековті ұстап әкеткен. Өткен айда полиция қызметкерлері жарты жылдан бері Мәскеуде тұратын бадахшандық белсенді Мақсұд Гаёсовті алып кетті.

Pamir Daily News интернет-порталының хабарлауынша, кейінгі жарты жылда Ресей астанасында Таулы Бадахшанның жиырма шақты тумасы ұсталып, Тәжікстанға жеткізілген. Душанбе олардың бәрі елге өз еркімен оралды деп отыр.

Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Тәжікстан билігінің бейбіт акцияларды күшпен басуына алаңдап, Душанбені Таулы Бадахшан автономиялы облысы тұрғындарының басты құқықтары мен еркіндігін сыйлауға шақырды. Тәжік билігі мұндау үндеулерге жауап берген де жоқ.

XS
SM
MD
LG