Ссылки доступа

Маңғыстаудағы "Тасболат Ойл Корпорэйшн" жұмысшылары жалақыны өсіруді талап етті


Маңғыстау облысында "Тасболат Ойл Корпорейшн" компаниясының жүзден астам жұмысшысы еңбекақыны 100 процентке көтеруді талап етіп, наразылыққа шықты. Бұл жөнінде аты-жөнін толық айтқысы келмеген компания жұмысшысы Азаттыққа хабарлады.

6 қыркүйек күні компания жұмысшылары ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, энергетика министрі Болат Ақшолақов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа және мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинге видео үндеу жолдаған.

Наразылық білдірушілер инфляцияның күннен-күнге өсуі тұрмыс жағдайын қиындатып жібергенін көтерген.

"Тұрмыстық тауарлар, дәрі-дәрмек, азық-түлік өсіп, біздің жалақы құнсызданып қалды. Көбіміз көп балалы отбасымыз. Қазір мұнай бағасы барреліне 90 долларға көтерілді. Бұл компания кірісі былтырғыға қарағанда артқанын білдіреді" дейді жұмысшылар.

Жұмысшылар әзірге жұмысын тоқтатпай "арбитраж комиссиясының жауабын" күтіп жүргенін айтады. Берік есімді жұмысшының сөзінше, қазір олардың айлығы 300 мың теңге ( 630 доллар шамасында).

Компанияда 111 жұмысшы, яғни жалпы қызметкерлердің үштен екісі еңбекақыны көтеруді талап етіп жатыр. Жалпы компанияда 165 адам бар.

"Тасболат Ойл Корпорэйшн" компаниясы Маңғыстау облысындағы Тасболат, Ақтас және Түркмен кенішін өндіреді.

Азаттық "Тасболат Ойл Корпорэйшн" компаниясына хабарласқанда, телефон тұтқасын ешкім көтермеді. Magnetic Oil Limited компаниясының өкілдері де жауап бермеді.

2021 жылы австриялық OMV мұнай компаниясының еншілесі, румыниялық OMV Petrom энергокомпаниясы "Ком-Мұнай" және "Тасболат Ойл Корпорейшн" компанияларындағы 100 процент акциясын сатқан. Оны 2013 жылы негізі құрылған Magnetic Oil Limited компаниясы сатып алған.

"Тасболат Ойл Корпорэйшн" компаниясы жұмысшыларының сөзінше, 2018 жылы жалақыға үш процент қосылған, ал 2021 жылы компанияның жаңа қожайыны жұмысшылардың еңбекақысын жартылай теңестірген.

XS
SM
MD
LG