Ссылки доступа

Тәжікстанда толық милиционерлерге салмақ тастауды бұйырды


Тәжікстанның оңтүстігіндегі Хатлон облысында салмағы артық милиция қызметкерлеріне жиі қозғалуға, тарихи орындарды жаяу аралауға кеңес берілді.

Аймақтың ішкі істер басқармасының тергеушісі қызмет бабымен Бохтарға келген ІІМ басшысы Рамазон Рахимзода осылай деп бұйырғанын айтты.

Озоди радиосының ішкі істер органдарындағы дереккөзінің мәліметінше, "министр толық милиционерлерді сынап, артық салмақты тастау үшін көбірек жаяу жүруді тапсырған".

Дереккөздің айтуынша, министр оларға апта сайын тарихи, мәдени орындарды аралауға кеңес берген. "Осылайша олар тарихпен де танысады, денсаулығын да түзейді", — дейді дереккөз.

Хатлон облысының ішкі істер басқармасы милиция қызметкерлерінің салмағына қатысты мәлімет бермеді, бірақ оларға "жұмыстан тыс уақытта көбірек саяхаттауға кеңес берілгенін" растады.

Ережелерде бойы 168-170 см болатын милиция қызметкерінің салмағы 75 келіден аспауы тиіс.

2017 жылғы мамырда Тәжікстан ішкі істер министрі милицияның артық салмағы бар 20 қызметкерін жұмыстан шығарып, тағы жүз шақтысына ескерту жасаған. Алайда екі айдан соң ІІМ басшысы салмағы үшін жұмыстан қуылғандардың 13-ін қызметке қайтарды.

XS
SM
MD
LG