Ссылки доступа

Шымкентте апелляциялық сот Қаңтардан соң сотталған белсенділердің үкімін өзгертпеді


Kazakhstan -- During announcement on the appeal of activists, convicted after the January events. Shymkent, 08Sep2022
Kazakhstan -- During announcement on the appeal of activists, convicted after the January events. Shymkent, 08Sep2022

8 қыркүйекте Шымкент қалалық соты Қаңтар оқиғасынан соң "жаппай тәртіпсіздік" бабымен түрме жазасына кесілген жергілікті үш белсенді Қайрат Сұлтанбек, Ләззат Досмамбетова және Жанмұрат Аштаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

Тек Ләззат Досмамбетованың кәмелетке жасы толмаған 12 жастағы ұлы барын ескеріп, жазасын өтеуді екі жылға кейінге шегерді. Жалғызбасты ана Досмамбетова ұлы 14 жасқа толған соң бұрын тағайындалған жазасын қайта өтейді.

15 шілдеде Шымкенттегі әл-Фараби аудандық соты Қаңтар оқиғасына байланысты Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша айыпталған белсенділер 44 жастағы Жанмұрат Аштаевты 3 жыл бір айға, 51 жастағы Ләззат Досмамбетова мен 48 жастағы Қайрат Сұлтанбекті 3 жыл 7 айға түрме жазасына кескен еді.

Ләззат Досмамбетованың туыстары оны бүгін, 8 қыркүйекте босататынын айтып, күтіп алуға кетті. Ал сот залында Жанмұрат Аштаевтың туыстары сотқа наразылық білдіріп, дауыстап қарсылық көрсетті. Олар сотталушылардың жазықсыз екенін, тағылған айыптардың ешбірі дәлелденбегенін айтып, келіспейтінін жеткізді.

Судья шығарылған үкімді түсіндіруге тырысты, бірақ залдағы қарсылық тоқтаған жоқ. Осыдан соң судья сот залынан шығып кетті. Жанмұрат Аштаевтың жақындары соттың әрекетіне наразы болып, судьяны соңынан қуып жетпек болды. Оларды тоқтатқан сот қызметкерлері мен белсенділердің туыстарының арасында қақтығыс басталды. Күзет қызметі наразы топты дәлізге шығарғаннан кейін оларға белсенділерді қолдауға келген сырттағы жұрт қосылды. Наразы топ судьяны не прокурорды шақырып, үкімді негіздеп беруді талап етті. Бірақ олардың талаптары орындалмады. Сот ғимаратына арнайы жасақ өкілдері келіп, қарсылық көрсетіп жатқан жігіттерді ұстап әкетпек болды. Қаумалаған жұрт оларды арашалап алды. Осыдан кейін дәліздегі халық түгел сыртқа шықты.

Куәгерлер сот ғимаратының арғы бетінде Жанмұрат Аштаевтың іште қарсылық көрсеткен төрт інісі ұсталғанын мәлімдеді. Туыстары полицияға хабарласып, жігіттердің Әл-Фараби аудандық полиция бөлімшесіне жеткізілгенін анықтады. Сотталған белсенділердің туыстары осыған дейін оларды босатпаса, аштық жариялаймыз деп мәлімдеген. Енді олар бастарына "аштық" деген жазуы бар ақ дәке байлап, сот ғимараты алдында отыр.

Жылдың басында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылық елдің өзге өңірлеріне тез тарап, кейін бірнеше қалада дүрбелең мен қантөгіске ұласты.

Шымкентте 4 қаңтарда Жаңаөзен халқының талабын қолдап шыққан азаматтардың бейбіт басталған наразылық шеруінің соңы жаппай тәртіпсіздікпен аяқтылды. Ресми дерек бойынша, 4-6 қаңтар аралығында Шымкентте 20 адам қаза болып, 207 адам жараланған.

XS
SM
MD
LG